$ 499.51  525.83  4.62
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«10 жасар қыз бассейнге батып кетті»: Атырауда құтқарушыға қатысты сот үкімі шықты

Ол 4 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды

«10 жасар қыз бассейнге батып кетті»: Атырауда құтқарушыға қатысты сот үкімі шықты
Фото: istockphoto.com

Атырауда 10 жасар қыздың бассейнге батып кетуіне кінәлі деп танылған құтқарушыға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Атырау қалалық №2 сотының мәліметінше, «Мұнайшы» спорт кешеніндегі ЖШС-нің құтқарушысы өзіне жүктелген қауіпсіздік міндеттерін сақтамаған. Ол 10 жасар қызды бассейндегі ересектерге арналған жүзу залына өткізген.

«Онда жасөспірім бассейннің тереңдігі 5,5 метр болатын қауіпті бөлігінде жүзуге барған. Жүзе алмағандықтан қыз бала бассейнге батып кеткен. Құтқарушы тарапынан бұған дер кезінде назар аударылмаған. Шұғыл түрде көмек көрсету бойынша қауіпсіздік талаптары сақталмай, абайсызда жасөспірімнің өлiмiне әкеп соққан», - делінген сот хабарламасында.

Прокурор мен сотталушы арасында кінәні мойындау туралы процестік келісім жасақталды. Жәбірленуші тарап келісім шарттарымен келісті.

«Үкім қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін барлық мән-жайлар ескеріле отырып, келісімдік іс жүргізу тәртібінде шығарылды. Сотталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 306-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Аталған құжаттың 63-бабын қолданылып, сотталушыға жаза шартты түрде берілді», - мәлім етті соттан.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, оқиға үстіміздегі жылдың 14 шілдесінде болған.

Серіктес жаңалықтары