$ 514.65  544.6  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Кейбіреулер ластанудың салдары дейді»: министр итбалықтың қырылуы туралы айтты

24-28 қазан аралығында 1155 итбалық өлексесі табылды

«Кейбіреулер ластанудың салдары дейді»: министр итбалықтың қырылуы туралы айтты
Фото: istockphoto.com

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Маңғыстау облысындағы итбалықтардың қырылу себептеріне жасалған зерттеудің барысы туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мәжіліс кулуарында Экология министрлігінің басшысы 24-28 қазан аралығында 1155 итбалық өлексесі табылғанын айтты.

«Оқиға орнына барлық дерлік тиісті қызметтер аттанды. Олар – мал дәрігерлері, экологтар, Гидробиология және экология институты, қоғамдық ұйымдар. Қазіргі уақытта сынамалар алынды», - деді министр сәрсенбіде.

Нәтижелері туралы айту әлі ерте, бірақ патологиялық материалдар алынды, деді министр.

«Алғашқы үлгілер пастереллез, тырысқақ, оба сияқты аурулар бойынша зерттелді. Қорытындысы оң нәтиже көрсеткен жоқ. Күтеміз. Қалай болғанда да, көптеген болжам бар, әркім әртүрлі айтады. Біреу су астында жер сілкінісі болып, көгілдір отын шықты дейді. Кейбіреулер ластанудың салдары дейді. Бірақ нәтижесін күтейік. Қалай болғанда да, біз күнделікті ақпарат беріп отырамыз, күн сайын таңертең маған есеп береді», - деп сендірді Нысанбаев.

Айта кетейік, қазан айында Маңғыстау облысында Форт-Шевченко қалалық жағажайында жергілікті тұрғындар үш өлі итбалықтың өлексесін тапқан болатын. Ал Түпқараған ауданындағы Баутино ауылының маңында 151 итбалықтың өлексесі жағаға шығып қалған. Табылған өлі итбалықтар саны тоқтап қалған жоқ: 24-29 қазан аралығында Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы мен Гидробиология және экология институтының қызметкерлері тағы 289 өлексені тапты.

Серіктес жаңалықтары