Спорт министрі пара үстел теннисі федерациясына Перизат Қайраттың қалай келгенін түсіндіріп берді (ВИДЕО)
Перизат Қайрат су тасқынына қарсы халықтан жиналған қаражатты жымқырды деген күдікке ілініп, қамауға алынған
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қамауда отырған Перизат Қайраттың пара үстел теннисі федерациясының президенті лауазымына қалай тағайындалғанына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министр өз сөзінде президентті тағайындау федерацияның ішкі жұмысы екенін ерекше айтып өтті.
«Перизат Қайрат бойынша, бұл – федерацияның ішкі жұмысы, сол кезде тағайындалған. Федерацияның жұмысы болғаннан кейін, қазір ол кісі қызметте жоқ. Қазір федерацияның ішкі жұмыстарын бір із арқылы басқару процесі жүріп жатыр. Федерацияларға талап қойылып жатыр, халықаралық ареналарда, елдің ішінде жұмыс істеуіне талап қоямыз», - дейді спорт министрі Ербол Мырзабосынов.
Айта кетейік, танымал блогер, пара үстел федерациясының президенті Перизат Қайрат су тасқынына қарсы халықтан жиналған қаражатты жымқырды деген күдікке ілініп, 14 қараша күні қамауға алынған. Ал ертеңінде аталмыш федерация Перизат Қайраттың қызметінен қуылғанын хабарлады. 16 қараша күні блогердің екі айға қамауға алынғаны белгілі болды.