Перизат Қайрат екі айға қамауға алынды
Оған қатысты тергеу жалғасып жатыр
Елордадағы тергеу соты волонтерлік қозғалыс белсендісі Перизат Қайратты екі ай мерзімге қамауға алу туралы шешім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Астана қаласының тергеу сотының мәліметінше, Қайрат Перизатты қамауға алу шешімі 16 қараша күні санкцияланған.
«Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының 2024 жылдың 16 қарашасындағы қаулысымен Қайрат Перизатты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды», – делінген хабарламада.
Сот істің мән-жайын жарияламағанымен, Перизат Қайратқа қатысты тергеу жалғасып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Қаржы мониторингі агенттігі Перизат Қайраттың гуманитарлық көмек ретінде жиналған қаражатты жеке қажеттіліктеріне жұмсағанын мәлімдеген болатын. Тергеу мәліметінше, ол жиналған ақшаның бір бөлігін элиталық тұрғын үй мен қымбат автокөлік сатып алуға, сондай-ақ басқа да жеке шығындарға жұмсаған.