$ 514.65  544.6  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Су тасқынынан кейінгі жұмыстар: Ақтөбе облысында пара алған шенеунік сотталды

Ол келісімшартқа қол қою және жалпы қолдау көрсету үшін 100 мың теңге пара талап еткен

Су тасқынынан кейінгі жұмыстар: Ақтөбе облысында пара алған шенеунік сотталды
Фото: © istockphoto.com

Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында су тасқынынан кейінгі қалпына келтіру жұмыстары барысында пара алған бұрынғы мемлекеттік қызметкер сотталды. Бұл туралы «Диапазон» басылымы жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«42 жастағы Айнат Қазмағамбетов 2023 жылдың 11 наурызында Ырғыз ауданының сәулет, құрылыс және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы болып тағайындалған. Бірақ қызметке кіріскеннен кейін бір ай өткенде ол алғашқы парасын алған. Сәуір айында көктемгі су тасқыны салдарынан аудандағы тұрғын үйлер, электр желілері мен жолдар бүлінген еді. Жергілікті билік төтенше жағдай жариялап, шығынды бағалау және қалпына келтіру жұмыстарына қажетті құжаттарды дайындау үшін «Жоба НС» ЖШС-мен келісімшарт жасасқан. Тергеу деректеріне сәйкес, Қазмағамбетов аталған компания өкілінен келісімшартқа қол қою және жалпы қолдау көрсету үшін 100 мың теңге пара талап еткен», — деп жазылған материалда.

Жаз мезгілінде шенеунік тағы бір пара алған. Бұл жолы ол «BaitanatStroy» ЖШС директорынан «ризашылық белгісі ретінде» ақша ұсынуын сұраған. Тараптар 10% көлемінде пара сомасын белгілеп, жалпы құны 31 миллион 202 мың теңге болатын электр желілерін қайта құру жұмыстарына келісімшарт жасасқан. Тамыз айында Қазмағамбетов компания директорынан 500 мың теңге пара алған.

«Қазмағамбетов өзінің кінәсін толығымен мойындап, жазаны жеңілдету үшін прокуратурамен процессуалдық келісім жасаған. Ол 21 миллион теңге айыппұл төлеуге және өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айыру жазасына кесілді», — деп жазады басылым.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары