Астанада 6 мыңнан астам үлескер баспана ала алмай жүр
12 құрылыс компаниясы өкілдері қамауға алынды
Астанада құрылыс жүргізушілерге қатысты 16 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Бұл туралы елорда прокуратурасы мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«6 мыңнан астам үлескер әлі күнге дейін баспанасын ала алмай жүр. 16 қылмыстық іс қозғалды, ал 12 құрылыс компаниясының өкілі қамауға алынды», — деп жазылған хабарламада.
Прокурордың талап-арызымен сот 7 млрд теңгеден астам қаржыға бағаланған аяқталмаған құрылыс нысандарын тәркілеу туралы сегіз талапты қанағаттандырды. Заңсыз пәтер сатумен айналысқан 51 құрылыс салушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Прокуратура Qurmangazyтұрғын үй кешенінің құрылысын бұзу туралы шешімге қол жеткізді. Бұл кешеннің құрылыс салушысы қажетті рұқсат құжаттарынсыз үлескерлердің ақшасын заңсыз тартып келген. Құзырлы органдар азаматтарға үлескерлік құрылысқа қатысарда рұқсат құжаттарын тексеруді және күмәнді құрылыс компанияларынан сақ болуды ескертеді», — деп жазылған хабарламада.