«Жылына 20 мың науқас тіркеледі»: онкологиялық науқастардың емінің бюджеті қысқара ма?
Ол дәрі-дәрмек те есепте тұрғандарға қарай қалыптасады дейді
Үкіметтің баспасөз конференциясында денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев онкологиялық науқастарды дәрі-дәрмекпен қамту мәселесі жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, дәрі-дәрмекке деген өтінім бізде диспансерлік есепте тұрған пациенттердің тізіміне қарай қалыптасады.
«Бірақ оған қоса басқа да науқастардың пайда болатынына байланысты қосымша мөлшерге деген өтінім қалдыру керек. Қазақстанда жылына науқас (онкологиялық ауруы бар - авт.) саны 20 мыңнан астам адамға өседі. Сол себепті бұл - айтарлықтай күрделі міндет», – дейді Ержан Нұрлыбаев.
Вице-министрдің айтуынша, қазіргі таңда «СҚ-Фармация» компаниясы дәрі-дәрмектің таусылмайтын мөлшерін қалыптастыру жұмысын жүргізіп жатыр.
«Денсаулық сақтау министрлігі онкологиялық профильдегі дәрі-дәрмек препараттарын қажеттілік туындаған жағдайда бір диспансерден екіншісіне жеткізу тәжірибесін қолға алған. Әр науқасқа ем-домның персоналды тәжірибесі қолданылады. Сол себепті белгілі бір диспансерге қажетті дәрі-дәрмектің тура қажеттілігін алдын ала айқындау мүмкін емес. Сондықтан, дәрі-дәрмек препараттарының пулын әзірлеп, оны бір диспансерден екіншісіне көшіру тәжірибесі қолданылады. Мұның оң эффестісі көрінер деген сенімдеміз. Ал келесі жылы сатып алынатын препараттардың мөлшері жайлы нақты мәліметтерді кейін береміз», – дейді Ержан Нұрлыбаев.