Қазақстан заңын бұзған АҚШ азаматы елден шығарылды
Оған елге бес жылға кіруге тыйым салынды
Ішкі істер министрлігі қос азаматтығы бар адамдарды жауапкершілікке тарту жағдайлары туралы мәлімдеді. Бұл заңбұзушылықтар үшін елден 977 адам шығарылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ведомствоға сілтеме жасап.
Polisia.kz медиа-порталында жарияланған мәліметке сәйкес, жыл басынан бері Қазақстанның көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 3022 шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сот шешімімен олардың 977-сі елден шығарылған. Сонымен қатар қос азаматтығы бар 375 адам анықталып, тиісті шаралар қабылданған.
Мәселен, Алматы әуежайында Қазақстанның азаматтық туралы заңнамасын бұзған 32 жастағы АҚШ азаматшасы анықталды. Ол шетел азаматтығын алғанын хабарламағаны үшін жауапқа тартылды. Сот шешімімен азаматша Қазақстаннан шығарылып, елге бес жылға кіруге тыйым салынды.
Сол сияқты қос азаматтыққа байланысты үш Ресей азаматының да құқықбұзушылықтары анықталған. Олардың екеуі елден шығарылса, үшіншісіне 517 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.