«Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы бекітілді
Ол 2024-2029 жылдарға арналған
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Үкімет 2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасын бекітті. Тиісті құжатқа Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл тұжырымдама экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған кешенді тәсілдерді қамтиды. Оның басты бағыттары – экологиялық ойлауды қалыптастыру, жауапты экологиялық мінез-құлықты дамыту және оны ынталандыру, сонымен қатар экологиялық білім беру мен ақпараттандыру шараларын іске асыру.
Тұжырымдаманы жүзеге асыру арқылы халықтың экологияға деген қызығушылығын арттырып, экологиялық әдеттерді қалыптастыру және азаматтардың экологиялық бастамаларға белсенді қатысуын ынталандыру жоспарланып отыр.
2029 жылға қарай келесі нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізу көзделген:
- коммуналдық қалдықтарды қайта өңдеу деңгейін 25%-дан 38%-ға дейін арттыру;
- экологиялық тәрбие шараларына тартылған оқушылар үлесін 15%-дан 40%-ға дейін ұлғайту;
- азаматтардың экологиялық өмір сапасына қанағаттану деңгейін 55,8%-дан 64,7%-ға дейін жеткізу.
Тұжырымдама аясында қоғамдық орындарда қалдықтарды бөлек жинау инфрақұрылымын дамыту, экологиялық қауіпсіз тәжірибелерді енгізу және қоршаған ортаны ластауға «нөлдік төзімділік» мәдениетін қалыптастыру жоспарланған. Сонымен бірге құжатта осы тұжырымдаманы іске асыру бойынша нақты іс-қимыл жоспары бекітілген.