$ 503.15  543.3  5.93
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Рудныйда жылу трассасында болған апат: әкімдік түсініктеме берді

Өткен түнде жылу трассасында апат болып, жер астынан су атқылап жатқаны хабарланған

Рудныйда жылу трассасында болған апат: әкімдік түсініктеме берді
Фото: Рудный қаласының әкімдігі

Рудныйда жылу трассасында апат болып, маңайындағы үйлер жылусыз қалған. Жағдайға қатысты қала әкімдігі түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әкімдік мәліметінше, 8 қараша күні сағат 02:00 шамасында Топорков көшесіндегі жеке сектордың кварталішілік тарату желілері зақымданған.

«Сағат 8:30-да жарылған жер жөнделіп, тоқсандық құбыр жұмыс істей бастады. Жеке сектордағы барлық 198 абонент жылумен қамтылды.

Сағат 6:00-де Строительная көшесіндегі жеке сектордың кварталішілік тарату желілері зақымданып, 27 абонент жылудан ажыратылды. Десек те, тұрғын үйлерде температура режимі қалыпты.

Жөндеу жұмысына 11 адам және 3 бірлік техника жұмылдырылған. Сағат 12.00-ге дейін жылу жүйесі қалпына келтіріледі», - делінген хабарламада.

Оқиға барысын түсірген видео авторлары бұл маңайда жуырда ғана жөндеу жүргізілгенін айтқан. Алайда әкімдік бұл ақпаратты теріске шығарды.

Әкімдік мәліметінше, бұл құбырлар магистральдық емес, мұнда бұрын жөндеу жүргізілмеген. Рудный қаласындағы кварталішілік желілердің жалпы ұзындығы – 140 км, оның ішінде жеке сектордың тарату желілері 44 км-ді құрайды.

Соңғы екі жылда Рудный қаласында 16,5 млрд теңгеден астам сомаға 33,8 км жылу желісі жөнделген.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде магистральдық желілер бойынша жалпы тозу 40,3%-тен 31,4%-ке дейін, тоқсандық желілер бойынша 71,9%-тен 65,9%-ке дейін төмендеді.

«Апаттар саны төмендегенін атап өткен жөн. Мәселен, магистральдық желілер бойынша 2023 жылғы қаңтар-қараша айлары аралығында 56 апатты жағдай орын алса, 2024 жылдың ұқсас кезеңінде 5 жағдай болған; тоқсандық желілер бойынша 2023 жылы 490, 2024 жылы 318 апат болды, соның ішінде жеке секторда 2023 жылы 186 жағдай, 2024 жылы 148 апаттық жағдай болды. Барлық апаттар ең қысқа мерзімде, орта есеппен 3-4 сағат ішінде толығымен жойылған.

Апатты жою мәселесі Рудный қаласы әкімдігінің бақылауында», - деп хабарлайды жергілік атқарушы орган.

Серіктес жаңалықтары