Көлігінің нөмірін қағазбен жауып қойған ер адам жүргізуші куәлігінен айырылды
Ол «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тасжолында осындай әрекетке барған
Жамбыл облысында көлігінің мемлекеттік нөмірін қағазбен жауып қойған ер адам жүргізуші құқығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полиция департаментінің мәліметінше, Жуалы ауданындағы полиция қызметкерлері Алматы облысының тұрғынын мемлекеттік тіркеу нөмірлері оқылмайтын автокөлікті басқарғаны үшін ұстады.
«Sitrak» маркалы көлігі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» республикалық маңызы бар жолының 564-шақырымында тоқтатылды.
«Тексеру барысында жүргізуші мемлекеттік нөмірлердегі әріптерді қызыл қағазбен жауып тастағаны анықталды. Ол тауарды Ташкент қаласынан Алматы облысына тасымалдаушы екен.
Ер адамға қатысты мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiсiн сәйкестендіруге кедергі келтіретін не олардың түрін өзгертетін немесе жасыратын құрылғылар мен материалдар қолданыла отырып жабдықталған көлiк құралын басқару бойынша хаттама жасалды. Көлік айып тұрағына қойылды.
Сот шешімі бойынша ер адамға қатысты бір тәулікке қамауға алу және 1 жылға жүргізуші куәлігінен айыру жазасы тағайындалды», - делінген хабарламада.