«Түсініспеушілік тудыруы мүмкін»: министрлік балабақшаларды лицензиялау туралы айтты
Бәрінің көңіліне қонатын шешім қабылдауымыз керек, деп санайды министр
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев балабақшаларды лицензиялау қашан енгізілуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, қазір жекеменшік балабақшалардың саны мемлекеттік балабақшалармен теңескен. Сондықтан жағдайды ушықтырып алмау үшін лицензиялау мәселесіне тереңірек үңілу қажет, дейді.
«Сіздер білесіздер, өз жұмысын жоғары деңгейде орындап отырған жекеменшік білім беру ұйымдары да бар. Сол себепті лицензиялау мәселесін мұқият талқылауға тиіспіз. Егер балабақшалардың жартысы жекеменшік болса, ал біз 1 қаңтардан бір мезетте лицензиялауды енгізіп жіберсек, бұл резонанс тудырып, түсініспеушілікке әкелуі мүмкін. Өйткені, бұл – жаңа талаптар, жаңа өзгерістер. Сондықтан жан-жақты талқылап, егжей-тегжей зерттеп, бәрінің көңіліне қонатын шешім қабылдауымыз керек. Лицензиялау үшін ғана лицензиялауды енгізу дұрыс емес деп санаймын», - дейді Бейсембаев Мәжіліс кулуарында.
Министр лицензиялау нақты қашан енгізілетінін айта алмады.
«Әртүрлі нұсқа бар. Бірі 2029 жылға дейін, енді бірі 2027 жылға дейін енгізу керек дейді. Мәселені талқылап, мұны енгізуге қанша қанша уақыт кететінін есептеу қажет», - деді ол.