$ 488.91  532.62  5
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Атырау облысының Ресеймен шекарасында 300-ге жуық көлік неліктен кептеліп тұр?

«Құрманғазы» өткізу пунктінде ұзын-сонар кезек түзілген

Атырау облысының Ресеймен шекарасында 300-ге жуық көлік неліктен кептеліп тұр?
Фото: © istockphoto.com

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) Қазақстан мен Ресей шекарасындағы «Құрманғазы» өткізу бекетінде жүк көліктері неліктен жиналып қалғанын түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жүк көліктерінің кептелісіне «Атырау-Астрахань» тас жолының жөнделіп бітуі себеп болған.

«2024 жылғы 4 қарашадағы жағдай бойынша Атырау облысының «Құрманғазы» өткізу пунктінде Ресей Федерациясына баратын маршрут бойынша 280-ге жуық жүк автокөлігі жиналған. Кептелістің себебі – «Атырау-Астрахань» тас жолында жөндеу жұмыстарының аяқталуы, бұл көліктер санының күрт өсуіне әкелді», - дейді МКК.

«Құрманғазы» өткізу пунктіне күн сайын шамамен 250-300 автокөлік келеді екен, алайда бекет  тәулігіне 200 көлікті ғана өткізуге қауқарлы. Мәселені тез арада шешу үшін облыстық кірістер департаменті бекетте жұмыс істейтін мамандар санын 14 қызметкерге дейін көбейткен.

МКК автокөліктер қазір «CarGoRuqsat» электронды кезек жүйесі арқылы өткізілетінін еске салды. Бұл жүйе былтырдан бері ЕАЭО елдерімен 30 өткізу пунктінде жоспарлы түрде іске қосылып келеді. Соның ішінде «Құрманғазы» өткізу бекетінде биыл 9 қыркүйектен бастап қолданылады.

«Қазіргі уақытта электронды кезекке байланысты проблемалар жоқ, барлық жүргізушінің өту талоны бар. Мемлекеттік кірістер комитеті Шекара қызметімен бірлесіп, көліктің кешігуін азайту және өткізу пунктіндегі жағдайды тезірек шешу үшін барлық күш-жігерін салады», - деп сендірді комитеттегілер.

Серіктес жаңалықтары