«Жолдасым – талантты кәсіпкер»: Баян Алагөзованың күйеуі Алматыда жаңа зауыт салып жатыр
Кәсіпкер Шымкенттегі сыра зауытын да жаңғыртудан өткізіп жатыр
Продюсер Баян Мақсатқының күйеуі, кәсіпкер Тұрсынғали Алагөзов Шымкент сыра зауытының жаңа қожайыны ретінде 13 мамырда жұмысқа кіріскен еді. Бүгінде кәсіпкер зауытқа жаңғырту жұмысын жүргізіп жатыр. Сол сияқты кәсіпкердің Алматыда зауыт салып жатқаны белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Баян Алагөзова күйеуінің бизнестегі жаңалықтарын өзінің Instagram парақшасында бөлісті.
«Менің күйеуім Шымкент сыра зауытын толығымен жаңғыртып жатыр. Ал тағы бір зауыттың құрылысы Алматыда жүріп жатыр. Онда алкогольсіз сусындар шығарылады. Осының барлығы бір мезетте іске асырылуда. Менің жолдасым – талантты кәсіпкер», - деп жазды Баян Алагөзова.
Еске салсақ, «Шымкент сыра зауыты» ЖШС олигарх Тоқтар Төлешовқа тиесілі «Шымкентпиво» ЖШС-нің мұрагері. Кәсіпкер қамауға алынғаннан кейін кәсіпорын «АТФ Банк» алдындағы қарыздарын өтеу мүмкіндігінен айырылды, ал берешегі 1,8 млрд теңгеге жеткенде банктің талабы бойынша «Шымкентпиво» банкрот деп танылды.