Көктемгі су тасқыны: 9 мыңнан астам үй жөнделіп, 6 мыңға жуық баспана сатып алынды
Су тасқыны салдарынан 11 мыңнан астам бала оқитын 40 білім беру нысаны зардап шеккен
Көктемгі су тасқынынан зардап шеккен өңірлердегі 9 156 үйге жөндеу жүргізіліп, 5 767 үй мен пәтер сатып алынды. Бұл туралы өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов «AMANAT» партиясы жанындағы Өңірлік даму жөніндегі республикалық кеңес отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Су тасқыны Қазақстанның 10 облысына, 47 ауданына, 5 облыс орталығына, 224 елді мекеніне зиянын тигізді. Кейбір аймақтарда еріген қар суы су объектілерінің маңындағы аумақтарды ғана емес, шалғайдағы елді мекендерді де алып кеткен, бұл өз кезегінде зардаптарды жою үшін ауқымды күш-жігерді қажет етті. Еліміз бойынша барлығы 17 603 тұрғын үй мен саяжай зардап шекті. Барлық зардап шеккен нысан бойынша техникалық тексеру жүргізілді. Небәрі 5 айдың ішінде үлгілік жоба бойынша 2 680 үйдің құрылысы аяқталды. Жаңа тұрғын үйлерді салу үшін алаңдарды таңдау кезінде болашақта олардың су басуына жол бермеу мақсатында жердің рельефі мен ландшафты ескерілді», - деді Қуандық Қажкенов.
Оның сөзінше, құрылыс жұмыстары барысында отандық тауарлар кеңінен қолданылған. Бұдан басқа, құрылыс жұмыстарының барысы мен сапасын бақылау мақсатында әр өңірдегі құрылыс алаңдарына министрліктің және су тасқынынан зардап шекпеген өңірлердің қызметкерлері іссапарға жіберілген.
Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспанның айтуынша, су тасқыны салдарынан 11 мыңнан астам бала оқитын 40 білім беру нысаны зардап шеккен. Бүгінгі таңда Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында төрт мектепте, төрт қосымша білім беру нысанында және бір балабақшада жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Ақтөбе облысында 4 772 оқушы білім алатын 13 нысан зардап шекті. Қазіргі уақытта алты нысанда қалпына келтіру жұмыстары аяқталды.
«Ақтөбе облысында 2 объектіде күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда, олардың дайындығы 95%-ды құрайды. Сонымен қатар, үш мектеп және екі балабақша құрылысы басталды, оған Үкімет резервінен 6,2 млрд теңгеге бөлінді. Құрылысты 2025 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Атырау облысында төрт мыңнан астам бала оқитын 11 нысан су тасқынынан зардап шекті. Бүгінгі таңда №8 жалпы білім беру және №1 музыка мектептерінде қалпына келтіру жұмыстары аяқталды, бес нысанда жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Батыс Қазақстан облысында 1500-ден астам бала оқитын бес нысан судан зардап шекті. Бүгінде жөндеу жұмыстары төрт нысанда аяқталды. Қостанай облысында 137 бала оқитын екі білім беру нысанын су басты. «Солнечный» балалар сауықтыру орталығында жөндеу жұмыстары аяқталды. Жангелдин ауданындағы Айса Нұрманов атындағы мектепте ескі ғимарат бұзылып, Үкімет резерві есебінен 897 млн теңге көлемінде 60 орындық жаңа мектептің құрылысы басталды. Дайындық 60%-ды құрайды. Құрылысты аяқтау 2025 жылға жоспарланған. Мектептің бастауыш сынып оқушылары үшін оқу процесі ауылдық мәдениет үйінде, ал 5-9 сынып оқушылары үшін тасымалдау арқылы Көкалат ауылының мектебінде ұйымдастырылған», - деді вице-министр.
Ол көктемгі қиын кезеңде оқушылардың қашықтан оқуға ауыстырылып, оқу процесінің ұдайы бақылауда болғанын айтты. Сондай-ақ, педагогтарға қолайлы жағдай жасалып, зардап шеккен өңірлердегі 70 мыңнан астам педагогтың аттестаттаудан өту мерзімі жазғы кезеңге ауыстырылған.
Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков Үкімет резервінен су тасқынынан зардап шеккен 797 бизнес субъектісіне 12 088 млн теңге көзделгенін айтты.
28 қазандағы жағдай бойынша 559 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісіне 9 662 млн теңге сомасында өтемақы төленді. Үкімет резервінен су тасқынына қарсы іс-шараларға 42 546 млн теңге сомасына қаражат бөлінді, оның ішінде:
- Су тасқынынан зардап шеккен отбасылар үшін Қостанай облысының Арқалық қаласында 31 пәтер сатып алуға 405 млн теңге;
- Қостанай облысының Арқалық қаласында, Амангелді және Жангелді аудандарында орналасқан «Қостанайюжэлектросервис» КМК электр беру желілерін қалпына келтіру бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізуге 1 391 млн теңге;
- БҚО-да «ӘЖ-10 кВ: шалғай – Таловая, Бәйтерек ауданы», «Бөрлі ауданының ӘЖ-35 КВ Кентубек (Григорьевка) – Александровка», «Шыңғырлау ауданының ӘЖ-35 кВ-Ащысай (Мырзагора)» 3 жобасын күрделі жөндеуге 1 128 млн теңге;
- Ақмола, Ақтөбе, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары бойынша жол инфрақұрылымын қалпына келтіру жөніндегі құрылыс және жөндеу жұмыстарына 22 718 млн теңге;
- Ақмола, Ақтөбе, Қостанай облыстарының білім беру объектілерінде жөндеу және құрылыс жұмыстарын жүргізуге 7 533 млн теңге;
- Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласындағы Универсальная көшесі бойынша «РЖД» ААҚ Теміржол жолдары арқылы автожол өткелін салу» жобасын іске асыруға 2 900 млн теңге;
- Ақмола облысының 7 сумен жабдықтау нысанын жөндеуге 572 млн теңге;
- Атырау облысының жолдарын қалпына келтіруге 5 898 млн теңге бөлінген.
Айта кетсек, «AMANAT» партиясы жанындағы Өңірлік даму жөніндегі республикалық кеңестің «2024 жылғы су тасқынынан зардап шеккен аймақтардағы салдарды жою және қалпына келтіру жұмыстарының қорытындылары туралы» отырысына өңір әкімдерінің орынбасарлары мен бірнеше вице-министр мен депутат қатысты.