Атырауда құрылыс компаниясының директоры үлескерлерді 313 миллион теңгеге алдаған
Биыл өңірде прокурорлық қадағалау аясында тағы екі құрылыс компаниясы әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Атырау облысы прокуратурасының мәліметінше, «Андора Констракшн» ЖШС директоры 2020 жылдан 2023 жылға дейін әкімдіктен үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсат алмай, жалған алдын ала келісімшарттар жасаған. Осылайша ол 25 азаматқа жалпы сомасы 313 миллион теңгеге пәтерлер сатқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Мой город сайтына сілтеме жасап.
Атырау қаласы №2 сотының үкімімен компания директоры аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сонымен қатар осыған ұқсас істер бойынша «Nazik Group» ЖШС директоры және «Атамекен Тұрын Үй», «Family Town», «Baisanat Residence» тұрғын үй кооперативтерінің құрылтайшысы да сотталған.
Биылғы жылы прокурорлық қадағалау аясында тағы екі құрылыс компаниясы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, әрқайсысына бір миллион теңге айыппұл салынған.