Бас прокуратура шетелге қашып кеткен Astana LRT-ның бұрынғы басшысын неліктен елге қайтара алмай жүр?
Астана LRT құрылысына жауапты болған Талғат Арданға қатысты түсініктеме берілді
Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев жылдар бойы шетелде жасырынып жүрген қылмыскерлерді неліктен елге тез қайтара алмайтынын түсіндіріп берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазіргі уақытта іздеу 3,5 мың адам бар. Оның ішінде 1,5 мыңы – халықаралық іздеуде. Біз оларды жақсы білеміз. Фамилияларын да. Қазір біздің Интерпол арқылы жұмыс жүріп жатыр. Біз олардың жүрген жерін анықтап жатырмыз. Тиісінше оларды экстрадициялау жұмысы жүргізіледі», - деді ол.
Прокуратура өкілі сөзін жалғай отырып, Астана LRT құрылысына жауапты болған Талғат Арданға қатысты түсініктеме берді.
«LRT-ны жасаған Ардан қазір іздеуде. Оның жүрген жерін анықтаған бойда Интерпол арқылы жұмыс жүргізіледі», - деді Ғалымжан Қойгелдиев.
Ол сөзін жалғай отырып, Бас прокуратура қашып жүрген қылмыскерлерді ұстау үшін жылдар бойы уақыт жұмсайтынын түсіндіріп өтті.
«Шетелде тығылып жүрген біздің азаматтарымыздың кейбірін біз тез қайтарып аламыз. Ал кейбіріне уақыт керек. Бір жыл, екі жыл, үш жыл, төрт жыл... Көп уақыт кететіні рас. Ол өтірік емес. Бірақ біз тоқтамаймыз. Шетелде қашып жүрген адам ерте ме, кеш пе Қазақстанға келіп, өзінің жазасын өтейтін болады», - дейді бас прокурордың орынбасары.
Айта кетерлігі, Естеріңізге сала кетейік, Талғат Ардан пен елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков 2023 жылдың мамыр айында сырттай жеті жылға бас бостандығынан айырылған. Сонымен қатар, Астана LRT бойынша тағы жеті адам сотталды.