«Қазхром» карьерінде екі адам қаза болды: оқиғаны арнайы комиссия тексереді
Қазір оқиғаға байланысты тергеу ісі жүріп жатыр
Ақтөбе облысындағы карьерде болған жазатайым оқиғаны арнайы комиссия тексереді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Донской тау-кен байыту комбинатының карьерінде болған жазатайым оқиғада 2 адам қаза тапты. Апат салдарын тексеру үшін Мемлекеттік еңбек инспекциясы жөніндегі комитеттің Ақтөбе облысы бойынша департаменті комиссия құрып, тексеру жүргізеді», - делінген хабарламада.
Комиссия болған оқиғаның мән-жайы мен себептерін анықтайды, деп жазады ведомство.
Естеріңізге сала кетейік, 30 қазан күні сағат 13:14 шамасында «Қазхром ТҰК» АҚ Дон тау-кен байыту комбинаты – филиалының «Молодежная» шахтасының «Мирный» карьерінде жол-көлік оқиғасы болды.
Самосвал жүргізушісі азамат С. шахта жұмысшысы азамат Ж. тиелген материалмен Мирный карьеріне бара жатады. Мирный карьеріндегі екінші бұрылыстан өтіп бара жатып, самосвал жүргізушісі рульге ие бола алмай, карьердің сол жақ шетіне шығып, соның салдарынан самосвал аударылып кеткен. Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем қызметкерлері жұмысшылардың қайтыс болғанын анықтады.
Полиция тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде (ҚР ҚК 277-бабының 3-бөлігі бойынша).