Нұр-Сұлтанда қоғамдық көліктердің жүру кестесі өзгерді
Енді автобустар сағат 06:00-ден 22:00-ге дейінгі аралықта қатынайды
«CTS» компаниясының өкілі Оксана Лоскутованың айтуынша, қазір қаланың ішінде қатынайтын автобустар жұмысқа кіріскен. Екінші кезеңде қала маңына қатынайтын бағдарлар қосылады. Ал, қаларалық автобустардың жұмысы қашан жанданатыны әзірге белгісіз.
«Жүргізушілер билет сатуды уақытша тоқтатты. Жол жүру үшін көлік карталарын және жол ақысын төлеудің балама тәсілдерін қолдануға болады. Олар: SMS, QR-код және мобильді қосымшалар. Карантин енгізілгенге дейін қолма-қол ақшасыз төлем үлесі 98%-ды құрады», - деді «CTS» компаниясының қоғаммен байланыс қызметінің басшысы О.Лоскутова.
Карантин кезінде сатып алынған айлық жол жүру тарифтері пайдаланушылардың көлік карталарына қайта жүктелді. Айлық жол жүру 12 мамырдан 11 маусымға дейін жарамды.
«12 мамырда жолаушылар ағыны – 146 907 адам болды. Олардың 2 787 – оқушылар, 36 884-і жеңілдігі бар азаматтар екен. Ал, карантинге дейін жолаушылардың күнделікті ағыны 762 мың адам еді», - О.Лоскутова.
Автобустарда дезинфекциялық жұмыстар бұрынғыдай жүргізіледі. Жүргізушілері барлық қауіпсіздік шараларын сақтайды: бетперде, қолғап киіп, антисептиктерді қолданады. Қауіпсіздік шараларын жолаушылар да қатаң сақтауы тиіс.