$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
15.05.2020, 10:37
Жаңалықтар

СҚО-да ауыл іргесі қоқыс полигонына айналды

Шенеуніктер бұған халықты кінәлап отыр 

СҚО-да ауыл іргесі қоқыс полигонына айналды

Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданына қарасты Бәйтерек ауылының іргесі заңсыз қоқыс полигонына айналған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша тұрмыстық қалдықтар қыс мезгілінен бері бықсып жанып жатыр. Нөсерлі жаңбыр жауған күндері  от өшкенімен, белгісіз біреулер қоқысты қайтадан тұтатып кетеді. Елдімекен тұрғындары көк түтін мен жағымсыз иістен көз аша алмай отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

2009 жылы «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында Бәйтерек ауылының алғашқы қазығы қағылды. Елді мекенде Моңғолия, Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы сынды елдерден келген қандастарымыз қоныстанды. Өткен жылдан бері еңбек күші тапшы солтүстік өңірлерге халықты көшіру бағдарламасы бойынша Қазақстанның оңтүстік өңірлері мен Нұр-Сұлтан қаласынан көшіп келген азаматтар да Бәйтерекке орналастырыла бастады. Ашылғанына 10 жылдан асып кеткен елдімекенде спорт, мәдениет, өндіріс ошақтары атымен жоқ. Осы уақыт аралығында елдімекенге арнайы қоқыс алаңы да бұйырмапты. Халық тұрмыстық қалдықтарды ауыл іргесіне тастауға мәжбүр.

«ЕРКІН ТЫНЫС АЛА АЛАЙМЫЗ...»

2015 жылға дейін ауылдан шыққан қоқыс іргелес орналасқан аудан орталығы Бескөлдегі полигонға апарылған. Жергілікті биліктің оны жапқанына 5 жыл болған. Алайда, жаңасы ашылған жоқ. Маңайда орналасқан 10 шақты ауыл тұрмыстық және қатты қалдықтарды осы жерге әкеліп төгеді. Оны аудандық коммуналдық шаруашылық техникасы тегістеген болады, алайда мәселенің шынжыртабанды техника мен сырғыштың көмегімен шешілмесі анық. Беті тегістелгенімен, қоқыс өз орнында қала береді.  Соның кесірінен аталған аумақ шыбын-шіркей мен қаңғыған ит-құстың жиналатын жеріне айналған.

«Қоқыс алаңына тұрмыстық қалдықтар түгілі мал мен ит-мысықтардың өлекселері тасталған. Ауыл іргесі қаңғыбас иттердің сүйікті орнына айналды. Күндіз-түні қорегін тауып сол жерде жүреді. Жол бойындағы жемтікті сүйрелеп жүрген болса керек, иттердің бірін көлік соғып кетіпті. Өлексесі бірнеше күн жатты. Жел ауылға қарай соқса, түтін мен жағымсыз иіс тіпті күшейеді. Жақын маңда орман тұр. Кейде бұл көрініс жойқын өртке ұласа ма деп үрейленемін. Бірақ қолдан келер шара жоқ. Аудан орталығы Бескөлден де осында қоқыс әкеліп тастайды. Бұл бассыздықты қадағалап жатқан ешкім жоқ. Қоқыстың барлығы үйлерге қарай ұшып жатыр. Түтіннің исінен көз ашиды. Жаз мезгілінде еркін тыныс алудан қаламыз. Жұқпалы ауру тараса, кім жауап береді? Біздің мәселемізге құлақ түретін жан болса игі», - дейді Бәйтерек ауылының тұрғыны.

Бәйтеректің бір шеті карьер болса, екінші жағынан Есіл өзені ағып жатыр. Республикалық маңыздағы трасса да қол созым жерде тұр. Сондықтан ауыл тұрғындары азын-аулақ малын да осы жерде жаяды.  Одан басқа амал жоқ. О баста елдімекенді салған кезде төрт түлікті жаятын орын да қарастырылмаған.

«Бұл жерден тұрмыстық қалдықтар, сүйек-саяқ, қатты қалдықтар да табылады. Үш жыл болды. Тау болып үйілген қоқыс өсіп келеді. Бірақ мәселенің шешімін табуға бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Айнала ластанып, адам денсаулығына зиянын тигізеді», - дейді ауыл тұрғыны Рауан Жарасбаев.

ШЕНЕУНІКТЕР ХАЛЫҚТЫ АЙЫПТАЙДЫ

Жергілікті билік бұл мәселеден хабардар. Қоқыс полигоны заң жүзінде тіркелмеген. Өйткені, аталған аумақ ешқандай талапқа сай келмейді.  Экологиялық, өрт қауіпсізді шаралары да сақталмаған. Санитарлық тәртіп бойынша қоқыс төгілетін орын егістіктен 250, орманнан 300 елдімекеннен кемінде бір шақырым қашықтықта орналасуы шарт. Бүгінгі күні бұл талаптың бірі де орындалмай отыр. Шенеуніктер мәселенің шешімін табар жолдарды іздеудің орнына, тұрғындарды айыптады.

«Бұл жауапсыздық. Халық айтқанды тыңдамайды. Талай ескерттік. Қоқысты қалай болса солай шашып кетеді», - дейді Қызылжар аудандық коммуналдық шаруашылық бөлімінің жетекшісі Қайырлы Нұралин.

ҚОҚЫС ПОЛИГОНЫНЫҢ ҚАШАН САЛЫНАРЫ БЕЛГІСІЗ

Жыл сайын үлкейіп жатқан заңсыз полигон аумағы 8 гектарға жетіп алған. Бескөл ауылдық округі әкімінің сөзіне қарағанда бұл бірер айда шешіле қоятын мәселе емес. Полигон салу үшін қыруар қаражат керек. Оған аудан бюджетінің шамасы жетпейді.

«Қызылжар аудандық қазынасынан тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөліміне 6 миллион 800 мың теңге бөлінді. Экспертиза өткізу қажет. Бұл қаражат жеткіліксіз. Жаңа полигон ашу үшін 262 миллион теңге қажет. Яғни облыс, республика бюджетінен ақша берілсе, полигон құрылысының мәселесі шешілмек. Бұл полигон бір жылда салынатын нысан емес», - дейді ауылдық округ әкімі Ербол Багенов.

Қызылжар ауданында қоқыс полигонының қашан салынары белгісіз. Ауыл іргесінде тау болып үйілген тұрмыстық қалдықтар күн сайын «өсіп», қоршаған ортаға зиянын тигізіп жатыр. Жалын жақын маңда қаулап өскен орманға тисе, не боларын елестету тіпті қиын.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары