СҚО-да мемлекеттік сатып алулар саласында 12 млн теңге үнемделді
Облыстағы әлеуметтік қызмет көрсету және орман шаруашылығы салаларында мемлекеттік сатып алу талаптарын бұзу фактілері жиі кездесетіні анықталды
Солтүстік Қазақстанда «Сатып алулардың бірыңғай терезесі» жүйесінің жыл басынан бергі жұмысы қортындыланды. Саладағы бармақ басты, көз қысты әрекеттер жайында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы Ернар Баянғазин журналистерге интернет конференция барысында баяндады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Жемқорлыққа қарсы ведомство жүргізген талдау көрсеткеніндей, мемлекеттік органдар отын, жағармай, спорттық мүкәммал, азық-түлік, кеңсе қағазы, баспа басылымдары, кеңсе жабдықтары сынды тауарларға бағаны жиі қымбаттатады екен. Бұл тауарлар жоғары сұранысқа ие заттардың санатына жатады.
«Агенттік биылғы жылы «Атамекен» ҰКП-мен стратегиялық серіктестіктің арқасында «Сатып алулардың бірыңғай терезесі» жүйесіне толық қолжетімділікке ие болды. Осы жобаны іске қосу басталғаннан бері мекеме басшыларына – бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне өздерінің жоспарланған мемлекеттік сатып алу бағасына назар аудару үшін 96 ұсыныс хат жолданды. Нәтижесінде мемлекеттік сатып алуларға жоспарланған бағалар бойынша жалпы сомасы 12 млн теңге үнемделді», - дейді Ернар Баянғазин.
Интернет-конференцияда айтылғандай, тауар құнын орташа бағадан тым асырып жіберген мекемелердің тізімінде Жамбыл ауданы көш бастап тұр. Мамандар мемлекеттік сатып алу жоспарын сараптай келе Преснов әлеуметтік қызмет көрсету орталығы мен Преснов орман шаруашылығының бағаны 3,4 млн теңгеге көтеріп жібергені анықталған. Тайынша ауданында бұл көрсеткіш 1,6 млн теңгеге тең.
Сараптама нәтижесі көрсеткеніндей, мемлекеттік сатып алу талаптарын бұзу фактілері әлеуметтік қызмет көрсету және орман шаруашылығы салаларында ең жиі кездеседі.
Жыл басынан облыстық жемқорлыққа қарсы қызметте 27 қылмыс тіркелген. Оның 24-і жемқорлық фактісі. 58 қылмыстық іс өндірісте болған. Сотқа 21 қылмыстық іс жіберілген. Оның нәтижесі бойынша сотталған 9 адамның 6-ы қамауға алынса, үшеуіне алпы сомасы 9 млн теңгеден астам айыппұл салынған. Мемлекетке келтірілген шығын көлемі 30 млн теңге.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО