Балабақшадан 15 млн теңге жымқырған: Шымкентте көпбалалы ана бірнеше жылға сотталды

Azattyq Rýhy

Шымкент сотында балабақша есепшісі коммуналдық төлемдерге артық ақша бөліп отырған

Балабақшадан 15 млн теңге жымқырған: Шымкентте көпбалалы ана бірнеше жылға сотталды
Фото: istockphoto.com

Шымкентте балабақшада есепші болып істейтін бес баланың анасы бюджеттің 15 миллион теңгесін жымқырғаны үшін сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тергеу барысында анықталғандай, Шымкент қаласындағы №46 «Ақбөпе» балабақшасының есепшісі коммуналдық қызметтер мен басқа да төлемдерді төлеуге белгіленген мөлшерден артық ақша бөлген. Артық ақшаны шотына жіберіп отырған. Осылайша ол мемлекетке 15 миллион теңгеден астам шығын келтірген.

«Сотталушыға жаза тағайындау кезінде сот шын жүректен өкіну, келтірілген зиянды толық өтеу түріндегі жазаны жеңілдететін мән-жайлардың болуын, асырауында бес жас баланың болуын, ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескерді», - деп хабарлады Шымкент соты.

Есепші Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағымен сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алғаны үшін кінәлі деп танылды. Ол өмір бойына мемлекеттік қызметте және мемлекеттік органдарда қызмет атқару құқығынан айыра отырып, екі жылға бас бостандығынан айырылды.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.