$ 514.65  544.6  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Жамбыл облысында Республика күніне орай бірнеше нысан ашылды

Масаншы жұртшылығы енді аудан орталығына қатынамай-ақ жаңа мекемеде сапалы ем қабылдай алады

Жамбыл облысында Республика күніне орай бірнеше нысан ашылды

Республика күні мерекесіне орай Жамбыл облысында бірнеше нысан қолданысқа берілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қордай ауданы Масаншы ауылында ауылдық аурухана корпусы жанынан қосымша ғимарат салынып, денсаулық сақтау саласы жаңа емдеу нысанымен толықты. Жаңа нысан жергілікті тұрғындардың бастапқы медициналық-санитарлық көмекті жақын жерден алуын қамтамасыз ету мақсатында ашылды.

Емхана халыққа қажетті УЗИ, физио терапия кабинеті сынды заманауи қажетті құралдармен жабдықталған. Жаңа емхана ауысымына 150 келушіні қабылдай алады. Бұрын ескі ғимаратта қиындық көрген 19537 тұрғыны бар Масаншы жұртшылығы енді аудан орталығына қатынамай-ақ жаңа мекемеде сапалы ем қабылдай алады.

Осылайша, аудандағы шалғай ауыл тұрғындарына сапалы дәрігерлік көмек көрсету мәселесі шешімін таба бастады. Мұнда терапия, педиатрия бөлімшелері бар. Аталмыш емханада 8 дәрігер, 40 мейірбике, 21 кіші буын қызметкерлері жұмыс істейді. Өйткені әр дәрігердің жеке жұмыс кабинеті бар. Сонымен қатар, 52 төсектік емхана үш қабаттан тұрады. Оның ішінде он бес орын – тәулік бойы жұмыс істейтін стационар, отыз бес орын – күндізгі стационар, сол сияқты екі паллиативті көмек көрсету орны қарастырылған. Нысанның құрылыс жұмысы 2019 жылы қазан айында басталып, құрылысты мердігер мекеме «Самрұқ-Қазына» акционерлік қоғамы жүргізді. Жобаның құны 530 071 650 теңгені құрайды.

Сонымен қатар, Республика күні қарсаңында, Масаншы ауылдық округіне қарасты Күнбатыс-1 ауылында су жаңа шағын футбол алаңының ашылу рәсімі өтті. Іс-шараның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, округ әкімі Хусейн Буларов, ауылдық ардагерлер алқасының мүшелері және ауыл тұрғындары қатысты. Алдымен аяқдоп алаңының ашылуына арналған лента қию рәсімі орындалды. Салтанатты рәсімге аудан әкімінің орынбасары Дамира Маратқызы, ауыл ақсақалдары шақырылды.

Сондай-ақ, жергілікті бюджеттен қаржы қаралып, шағын футбол алаңының құрылыс жұмыстарын «TNAY story» мердігерлік мекемесі атқарып шыққан. Келесі кезекте, ақ жаулықты аналар шашу шашып, күн райының жауын-шашынды болуына қарамастан, қонақтар жаңа ашылған алаңға беттеді.

Бұдан бөлек, Республика күніне орай Меркі ауданында жаңа спорт кешені пайдалануға берілді. Тәтті ауылынан ашылған спорт нысаны жеке инвестиция есебінен бой көтерді. Туған жеріне туын тігіп, ауыл спортының дамуына үлкен үлесін қосуды мақсат еткен жергілікті тұрғын, Тәтті ауылының тумасы Бақыт Көкебаев «Алпамыс» балалар мен жасөспірімдер дене даярлық клубын тапсырды. Ғимараттың ашылуына аудан әкімінің орынбасары Ернар Ғалиұлы, ауыл ақсақалдары, тұрғындар қатысып, лентасын қиды.

Жаңа нысанда 5 спорт секциясы бар. Қазақша күрес, еркін күрес, үстел теннисі, бокс, қол күресі секілді спорт түрлерімен шұғылдануға жағдай жасалған. Сонымен қатар, жаңа спорт нысанында 17 маман жұмыспен қамтылды.⠀

Ал Талас ауданы Ақтөбе ауылының халқына таза ауыз су берілді. Республика күніне орай Талас ауданы Қызыләуіт ауылдық округіне қарасты Ақтөбе ауылының тұрғындарына сапалы ауыз су берілді. Биыл «Forte Сapital» ЖШС қысқа мерзім ішінде кешенді блок-модуль орнатты. Бұл құрылғы тұрғындардың сапалы тіршілік нәрімен қамтылуына ықпал етеді. Жоба құны 129,5 млн теңгені құрайды.

Бүгінде Талас ауданының 6 ауылдық елді мекенінде (Сейібек, Қожағаппар, Тұрымқұл, Қараой, Арал, Қайыр ауылдары) ауыз су нысандарының құрылысы жүргізілуде.

Айта кетейік, Жамбыл облысында биыл 22 ауылға орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесін салу, 15 ауылға кешенді блок-модуль орнату жоспарланған. Нәтижесінде халықты сапалы ауыз сумен қамту деңгейі 94,9-дан 98,1 пайызға дейін артады.

Сол сияқты Республика күніне орай Т.Рысқұлов ауданы Қайыңды ауылында жоба құны 249,2 млн теңгені құрайтын 15 келушіге арналған фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды.

Бұл ауданда соңғы жылдары салынып, ел игілігіне берілген үшінші – медициналық пункт. Одан бөлек, қазіргі уақытта Қорағаты станциясы мен Ақбұлақ ауылдарында да дәл осындай нысандардың құрылысы жүргізілуде.

Ауданның даму жоспарына сәйкес 2027 жылға дейін тағы 5 медициналық пункт салу жоспарланып отыр.

Биыл облыста денсаулық сақтау ұйымдарының тозуын 40,3%-дан 39,0%-ға дейін төмендету үшін 26 денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланып отыр, оның ішінде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында 20 нысан бой көтереді.

Бүгінде, 3 медициналық нысан жергілікті тұрғындардың игілігіне берілді.

Серіктес жаңалықтары