«Жастар Рухы» Республика күніне орай пікірталас турнирін ұйымдастырды
Еліміз бойынша ойынға 100-ден астам жас қатысуға ниет білдірген
Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған пікірсайысшылар қоғамдағы өзекті сұрақтарды ортаға салуда. Ол «AMANAT» партиясының кубогіне арналған «AMANAT CUP» XХIІ Республикалық пікірсайыс турнирі аясында өтуде, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қызылорда қаласында «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» Жастар қанаты ұйымдастырып жатқан турнирдің ашылу салтанаты өтіп, сөз шешендері І күнді артта қалдырды. Пікірсайыс турнирі 3 негізгі ойын форматы бойынша өтуде. Қатысушылар үш миллион теңге көлеміндегі жалпы жүлдеқор мен кубокке таласуда. Ойында 120 жастан жиналған 60 фракция (қазақ-орыс) Британды, Америкалық және ЛД форматында ойнауда.
«Жастар Рухы» төрағасы Ақерке Искандерованың айтуынша тұрақты түрде өткізелетін турнир биыл 25 қазан - Республика күніне орай ұйымдастырылуда:
«Жыл сайын пікірсайысшылар асыға күтетін турнир биыл ұлттық мерекеміз Республика күні қарсаңында өтіп жатыр. Еліміз бойынша ойынға 100-ден астам жас қатысуға ниет білдірген болатын. Пікірсайыста талқыға салынатын қарарлар да атаулы тақырып төңірегінде, қоғамдағы әлеуметтік-саяси, экономика, экология, цифрлық даму және өзге де мәселелер бойынша таңдалып алынды Партия мен Жастар қанатының алаңында ойы ұшқыр, сөзге шешен жастарды жинап, маңызды мәселелерді көтеру, шешу жолдарын табу дәстүрге айналғанына бірнеше жыл болды десем қателеспеймін. Осы 2 күн бойы қазақ, орыс фракциялары зияткерліктерін шыңдамақ»,- деді Ақерке Искандерова.
І орын иеленген жеңімпаздарға 600 мың теңге, ІІ орынға 400 мың теңге, ІІІ орынға 200 мың теңге берілсе, «Үздік спикер»-ге 200 мың теңге және «Үздік төреші»-ге 100 мың теңге номинациялары бойынша ақшалай сыйлықтар табысталатын болады.
Айта кетеміз, турнир үшінші жыл қатарынан Жастар қанатының серіктесі Ислам ынтымақтастығы ұйымы Жастар форумының Еуразиялық өңірлік орталығының қолдауымен өтуде.