$ 503.15  543.3  5.93
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«AMANAT» партиясы: Ауыл тұрғындары үшін ортақ пайдалануға жататын 1 миллион гектар жайылым жер қолжетімді

Еске сала кетейік, пайдаланылмай жатқан және заңсыз берілген ауыл шаруашылығы жерлерін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша мемлекет меншігіне қайтару жұмысы қарқынды түрде жүргізіліп жатыр

«AMANAT» партиясы: Ауыл тұрғындары үшін ортақ пайдалануға жататын 1 миллион гектар жайылым жер қолжетімді
Фото: «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі/Саят Жаңабай

Жалпыға ортақ пайдалануға жататын 946,6 мың гектар жайылым жер жергілікті атқарушы органдарға берілді. Ал конкурстық негізде 715,2 мың гектар жайылымды пайдалану құқығы ұсынылды. «AMANAT» партиясы жанындағы Аграрлық сектордың мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің кезекті отырысында жалпыға ортақ пайдалануға жататын жайылымдарға ауыл тұрғындарының қолжетімділігін қамтамасыз ету жұмысы қалай жүргізіліп жатқаны талқыланды. Бұл туралы Azattyq Rýhy «AMANAT» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нұржан Әшімбетов атап өткендей, заңнамаға енгізілген түзетулер нәтижесінде жайылым тапшылығына қатысты шағымдар саны бүгінге дейін 50 пайызға азайды.

«Жер және Орман кодекстеріне, «Жайылымдар туралы» және «Жергілікті мемлекеттік басқару туралы» Заңдарға енгізілген өзгерістер ауыл тұрғындары жайылымдарды басқарудың арнайы жоспарлары арқылы өз жайылымдарын өздері басқара алатындай етіп жерді әділ бөлуге мүмкіндік берді. Олар қай жерді аукционға қоюға болатынын, қай жерді ауыл әкімдігінің резервінде қалдыру керек екенін, шағын бизнеске, әсіресе ісін жаңадан бастаған шаруаларға қай жерді беру керек екенін айқындай алады», – деді ол.

Сонымен қатар, халық қалаулысы мемлекет қоғамдық жайылымдарды жақсарту бағытында жұмыс жүргізіп жатқанын айтты. Яғни, құдық қазу, тұрмыстық қалдықтарға арналған полигондар құру, мал қорымдарын салу, жемшөп дақылдарын себу және т.б. Заңда жайылымдарды жақсарту бағытында жұмыс жүргізетін ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді субсидиялау мәселесі жеке қарастырылған. Ол ауылдық елді мекен айналасындағы жайылымдар ең алдымен ұрғашы мал үшін қарастырылғанын атап өтті.

Өз кезегінде Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Кеңес мүшелеріне жыл басынан бері АШМ Жер ресурстарын басқару комитеті ел аумағында 2,5 миллион гектар жерде 1565 жоспардан тыс тексеру жүргізгенін мәлімдеді. Нәтижесінде 1,9 миллион гектардағы заң бұзушылықтарды жою үшін 1190 ұйғарым енгізілді. Қабылданған шаралар нәтижесінде жер пайдаланушылар 256 мың гектар ауыл шаруашылығы жерін қайта игере бастады. Сот қабырғасында пайдаланылмай жатқан 177,7 мың гектар жерді мәжбүрлеп алып қою процесі жүргізіліп жатыр.

Жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының орынбасары Дәулет Бижанов eOtinish жүйесінде жайылым тапшылығына қатысты шағымдар саны 50 пайызға азайғанына назар аударып, жайылым тапшылығы 41 пайызға төмендегенін атап өтті. Яғни, 2023 жылы 8,4 миллион гектардан биыл 4,9 млн гектарға дейін төмендеді.

Еске сала кетейік, пайдаланылмай жатқан және заңсыз берілген ауыл шаруашылығы жерлерін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша мемлекет меншігіне қайтару жұмысы қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. «AMANAT» партиясы ел Президентінің қоғамдық тірегі бола отырып, осы мәселені шешуге алғашқылардың бірі болып қосылды. 2022 жылы маусым айында «AMANAT» партиясының «Жер аманаты» комиссиясы құрылды. Осы уақыт аралығында ауыл шаруашылығы мақсатындағы 11,7 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, оның 4,8 миллионға жуығы азаматтар арасында бөлінді.

Ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жұмысының нәтижесімен танысуға болатын «JerKarta» интерактивті картасы жұмыс істеуде. Кейінгі екі жылда «Жер аманаты» комиссиясы үш мыңнан астам өтінішті қарап, оның 80%-на қатысты оң шешім қабылдады. Бұл ретте келіп түскен өтініштердің 90 пайызға жуығы жайылым және шабындық алқаптарының тапшылығына, 10 пайызы жер пайларын ресімдеу, құжаттарды заңдастыру және өзге де мәселелерге қатысты болды.

Серіктес жаңалықтары