Баянауылдағы алапат өрт: қызыл жалын 3 мың гектардан астам жерді шарпыды
Оқиға орнына бірнеше облыстың өрт сөндірушілері аттанды
Павлодар облысының шекарасынан дала өрті «Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің» ормансыз аумағына көшті. Өрт орнына «Қазавиақұтқару» тікұшақтары ұшып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тікұшақ Шалқаркөл көлінен суды қармап алып, сағат 17:00 жағдай бойынша өрт ошақтарына 6 рет жалпы көлемі 18 тонна су төккен.
Сондай-ақ, аэровизуалды барлау барысында Желтау кентінің тұрғындарын алдын ала эвакуациялау туралы шешім қабылданды. Қауіпсіз жерге 18 адам, оның 8 бала эвакуацияланды.
ҚР ТЖМ Командалық орталығында штаб жұмыс істеп жатыр. Төтенше жағдайлар вице-министрі Ерлан Нұрпейісов өрт орнында жүр. Қарағанды облысының әкімі де оқиға орнына барды.
«Құтқарушылар тобына қосымша күш пен құралдар жіберілді. Өрт орнында Қарағанды және Павлодар облыстарынан ТЖД, ЖАО, ЭТРМ күштері жұмылдырылды: жеке құрамнан 183 адам, 56 техника және 4 тікұшақ.
Өрттің алдын ала ауданы 3000 гектардан асты.Қатты екпінді жел, таулы жерлер және өрт ошақтарына кірме жолдардың болмауы өртті сөндіруге кедергі жасап жатыр.
Ақпараттық психологиялық қолдау көрсету үшін ТЖ-ны жою штабында 8 721 2 51 72 23 жедел желі телефоны жұмыс істейді», – деп хабарлайды ҚР ТЖМ Azattyq Rýhy агенттігіне берген жауабында.