$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
12.05.2020, 17:02
Жаңалықтар

Алматыда соңғы 7 күнде коронавирустың орташа көрсеткіші 3,8 пайыздан аспады – Бекшин

Қалада коронавирус індеті бойынша жағдай тұрақталды

Алматыда соңғы 7 күнде коронавирустың орташа көрсеткіші 3,8 пайыздан аспады – Бекшин

Алматыда коронавирустық инфекцияны жұқтырудың жаңадан расталған 26 дерегі анықталды. Кеше бұл көрсеткіш 13 адамды құраған болатын. Шаһарда барлығы 1622 адам COVID-19 вирусын жұқтырса, олардың 468-і жазылып шыққан. Бұл  – осы күнге дейін ауырғандардың 29 пайызы, деп мәлімдеді Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

«Қазіргі уақытта Алматыда коронавирус індеті бойынша жағдай тұрақталды. Соңғы күндері COVID-19 вирусына оң нәтижелер тек карантиндегі адамдардан анықталды. Жаңа жұқтыру ошақтары жоқ. Бірақ айта кету керек, стационарлардағы коронавирусы бар 33 емделушінің жағдайы ауыр. ӨЖЖ аппараттарында жатқан бірде бір науқас жоқ», - деді басқарма басшысы Тілеухан Әбілдаев.

Мамандар Алматыда вирустан емделіп жатқан адамдардың басым көпшілігінде (77%) бұл сырқат жеңіл түрде өтіп жатыр. Халықаралық тәжірибеге сәйкес олар емдеуді қажет етпейді, бірақ вирусты тікелей тасымалдаушы болып есептеледі.

Қалада наурыз айында 3 700 медицина қызметкеріне 1 млрд 134 млн теңге үстемақы, ал сәуір айында 4 400 медицина маманына 1 млрд 300 млн теңге көлемінде жалақысына қосымша төлемдер берілген.

Қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері қалада қауіпті індетпен ауру көрсеткішінің төмендегенін айтты. Жандарбек Бекшиннің мәліметінше, сәуір айында науқастардың тіркелу көрсеткіші 6,6 пайыз болды. Ал мамыр айының соңғы аптасында орташа көрсеткіш 3,8 пайызды көрсетіп отыр. Жағдайдың тұрақталуына орай шаһарда жақын күндері балабақшалар жұмыс істеуі мүмкін.

«Қазір балабақшалардың меңгерушілермен тікелей жұмыс істеп жатырмыз. Санитарлық талаптарға сай, әр топқа бұрын келіп жүрген балалардың 50 пайызын ғана қабылдауға рұқсат етіледі. Дезинфекциялық талаптар қатаң сақталуы тиіс. Атап айтқанда, әр 15 минут сайын бөлме желдетіледі, ойыншықтар, есік тұтқалары, бала ұстайтын өзге де заттар залалсыздандырылып отырады. Ал, төсекетр мен отыратын орындықтар арасы 1 метр қашық болуы тиіс. Балабақшаға қарттардың, жүкті әйелдердің келуіне тыйым салынады», - дейді Ж.Бекшин.

Шаһарда коронавирусты анықтау үшін сынамалар алу жалғасып жатыр. Бүгінгі күні 7 зертхана жұмыс істейді. Ол жерде күніне 2,5 мың адам сынама тапсыра алады. Қалада коронавирус пайда болғалы бері 77 462 сынама жасалған. Президент тапсырмасына сәйкес, күнделікті сынама көлемін 25 мыңға жеткізу көзделіп отыр.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары