$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Шымкентте итті аяусыз ұрып-соққан ер адам 60 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылды

Ол осы жағдайдан кейін жұмыстан қуылды

Шымкентте итті аяусыз ұрып-соққан ер адам 60 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылды
Фото: istockphoto.com

Шымкентте 1,5 метрлік темірмен итті аяусыз ұрып, аса қатыгездік танытқан орталық қызметкеріне қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy жергілікті Оtyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Ер адамға Қылмыстық кодекстің 316-бабы 1-бөлігі жануарға қатыгездікпен қарау бабымен айып тағылды. Сотта оның кінәсі дәлелденді.

«Бір итті бас тұсынан, денесінен бірнеше рет соққы жасап, жарақат салған. Яғни оның мертігуіне алып келген, қатыгездікпен қараған. Аталған оқиға бойынша кінәлі деп танылып, оған 60 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жаза тағайындалды. Сотталушының жазасын ауырлататын мән-жайлар анықталмаған. Жеңілдететін мән-жайларға шын ниетпен өкінуі және жас балаларының болуы танылды», - деді Шымкент қаласы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Алтын Білтебай.

Еске сала кетейік, оқиға 27 тамыз күні Шымкенттегі қараусыз қалған жануарларды уақытша ұстау орталығында болған. Кейіннен ер адамның осы жағдайдан кейін жұмыстан қуылғаны белгілі болды.

Сонымен қатар, сот осы іс бойынша Шымкент қаласы әкімінің атына «Ветеринарлық қызмет» мемлекеттік коммуналдық қызметінің және Шымкент қаласы бойынша қараусыз қалған жануарларды оқшаулау орталығының басшыларына қатысты тиісті шаралар қабылдау жөнінде жекеше қаулы шығарды.

 Әзірге үкім заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары