Елордада 12 мамырдан бастап қоғамдық көлік жүре бастайды
Автобустар кешкі сағат 21:00-ге дейін жүреді

12 мамырдан бастап елордада қоғамдық көліктің жұмысы жанданады. Автобустар сағат 07:00-ден 21:00-ге дейін жүреді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Бірінші кезеңде линияға қалалық бағдарлар шықса, екінші кезеңде қала маңына қатынайтын бағдарлар шығады. Дезинфекциялық жұмыстар бұрынғыдай жүргізіледі. Автобус жүргізушілері барлық қауіпсіздік шараларын сақтайды: бетперде, қолғап киіп, антисептиктерді қолданады. Сол шараларды жолаушылар да сақтау қажет. Автобустарда жолаушыларды отырғызу алдыңғы есік арқылы, ал түсіру қалған екі есік арқылы жүргізіледі. Сондай-ақ жүргізушілер билет сатуды уақытша тоқтатады», - деп жазылған хабарламада.
Жол жүру үшін көлік карталарын және жолақысын төлеудің балама тәсілдерін - SMS, QR-код және мобильді қосымшаларды қолдануға болады. Карантин енгізілгенге дейін қолма-қол ақшасыз төлем үлесі 98%-ды құрады.