$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Президент тапсырмасымен Бұқтырма су қоймасына салынған көпір құрылысы аяқталуға жақын

Стратегиялық нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр

Президент тапсырмасымен Бұқтырма су қоймасына салынған көпір құрылысы аяқталуға жақын
Фото: facebook.com/ Берік Уәли

2019 жылдың 19 қыркүйегінде, осыдан тура 5 жыл бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен Шығыс Қазақстан облысы әкімдігіне твиттер арқылы Бұқтырма су қоймасына көпір салу үшін қаржы бөлуді тапсырған болатын. Қазіргі уақытта көпір құрылысы аяқталуға жақын. Екі бірдей облыстың, 6 ауданның арасын жалғайтын стратегиялық нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Бұл көпір жергілікті тұрғындар үшін көптен күткен қуаныш, сүйіншілейтін үлкен жаңалық болайын деп тұр. Өйткені Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарының Марқакөл, Күршім, Катонқарағай және Көкпекті аудандарының тұрғындары 50 жыл бойы жол азабын тартты. Жазғы уақытта паром арқылы, қыс мезгілінде мұз үстімен жүрді. Талай адамның суға кеткені де жасырын емес. Сондықтан бұл көпірді салудың маңызы жоғары еді», - деп жазды Берік Уәли.

Оның жазуынша, бұл еліміздегі ең ұзын көпір болмақ.

«Екі жолақты автомобиль көпірінің жалпы ұзындығы 1316 метрді құрайды. Тәулігіне 80 мың көлікке дейін өткізе алады. Сонымен қатар жоба аясында ұзындығы 18,6 шақырым болатын көпірге қосылатын жаңа автожол құрылысы қарастырылған», - дейді Президенттің баспасөз хатшысы.

Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылы 18 қыркүйекте «Egemen Qazaqstan» газетінде «Елу жыл бұрынғы ескі паром елді қашанғы әуреге түсіреді?» деген тақырыппен журналист Азамат Қасымның мақаласы жарияланған болатын. Осы мақала көпірдің салынуына арқау болған еді.

Серіктес жаңалықтары