Алматы әуежайында жолаушының орынсыз әзілі рейстің кешігуіне себеп болды (ВИДЕО)
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр
Алматыдан Оралға ұшып шыққалы тұрған борттың жолаушысы орынсыз әзілі үшін ұшақтан түсірілді. Оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желілерде пайда болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Алматыдан Оралға ұшатын рейсте жолаушының орынсыз әзіліне байланысты келеңсіз оқиға болды. Жас жігіт әлеуметтік желіге жүктеу үшін видео түсірмек болған, бірақ оның әрекеттері рейстің кешігуіне әкелді. Тексеру үшін кинологтармен бірге авиациялық күзет өкілдері бортқа шақырылды. Жағдайды анықтау үшін жолаушы ұсталды», - делінген бейненің сипаттамасында.
Видеода жігіттің қорқып, абдырап қалғаны байқалады. Оны ұшақтан түсіріп, арнайы көлікке алып кетті. Оқиғаға байланысты рейс шамамен бір сағатқа кешіктірілді.
Көлік полициясы департаменті бұл жағдайға түсініктеме берді.
«Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазақстан Республикасы қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес басқа да ақпарат жария етілмейді», - деп хабарлады көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі.