Қазақстанда полиция күшейтілген жұмыс режиміне көшті
ІІМ басшылығы жеке құрамның қойылған міндеттерді орындауға дайындығын тексерді
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының өткізілуіне орай Ішкі істер министрлігі қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бүкіл ел бойынша қызмет атқарудың күшейтілген режиміне көшті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Халықаралық іс-шараның Астанада өтетінін ескере отырып, елордаға ерекше назар аударылды. 3 қыркүйекте мұнда қызметке кірісетін кешенді күштердің жалпы гарнизондық жиыны болды.
«ІІМ басшылығы жеке құрамның қойылған міндеттерді орындауға дайындығын тексерді. Қызметкерлер құқық бұзушылықтардың алдын алуға, қоғамдық орындарда құқықтық тәртіпті сақтауға, сондай-ақ азаматтармен өзара іс-қимыл жасау кезінде сыпайылық танытуға бағдарланған», - делінген ІІМ баспасөз қызметі ұсынған хабарламада.
ІІМ елорда тұрғындары мен қонақтарын заңды сақтауға, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған қауіпсіздік шараларына түсіністікпен қарауға шақырады.