Қызылорда облысында 68 шетел азаматы ел аумағынан шығарылды
Жыл басынан бері өңірде түрлі мақсаттармен 16 196 шетел азаматы уақытша тіркеуге алынды
Қызылорда облысында сот шешімімен 68 шетел азаматы ел аумағынан шығарылды. Бұл туралы Қызылорда облыстық ПД баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жыл басынан бері Қызылорда облысының аумағына түрлі мақсаттармен 16 196 шетел азаматы уақытша тіркеуге алынды. Оның ішінде 15 960 азамат ТМД елдерінен болса, ал алыс шетелдерден 236 азамат тіркелген. Осы жылдың 8 айында жалпы 2 272 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде, шетел азаматтарымен жасалған 1497 әкімшілік құқық бұзушылық анықталса, оның 68-і сот шешімімен республика аумағынан алыстатылып, 5 жылға Қазақстан Республикасына кіруге тыйым салынды.
«Шетелдіктердің Қазақстан Республикасында болу ережелерінің сақталуын қамтамасыз етпегені үшін 755 Қазақстан Республикасының азаматына әкімшілік шаралар көріліп, жеке және заңды тұлғаларға қатысты 18 млн 823 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынып, толығымен мемлекет пайдасына өндірілді», - делінген хабарламада.