$ 488.91  532.62  5
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қосшыда үш жылда 4 мектеп ашылды

Жаңа мектеп 1200 орынға есептелген

Қосшыда үш жылда 4 мектеп ашылды
Фото: Қосшы қаласының әкімдігі

Қосшы қаласында 1 қыркүйек - Білім күні 1200 орындық мектеп ашылып, алғашқы қоңырау салтанаты өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қосшы қала мәртебесін алған үш жыл ішінде бұл ашылып отырған төртінші мектеп. Барлығы Қосшы қаласында 8 мектеп оқушыларға білім беруде.

Қосшы қаласының әкімі Гайдар Қасенов және Ақмола облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Валерий Гамазов құттықтау сөзін сөйлеп, оқушылар мен ұстаздар қауымына сәттілік тіледі. 

№4 орта мектеп жаңа оқу жылына дайын.

Жалпы Қосшы қаласында 3 жылда 4 мектеп пайдалануға беріліп отыр. 

«Бірінші қыркүйек – жарқын және жалпыхалықтық мереке!  Бірінші сыныпқа баратын бүлдіршіндеріміз үшін мектеп қоңырауы алғаш рет соғылып, қызықты кездесулерге толы жаңа өмірлік кезеңі басталады. Әр істің, кез келген кәсіптің негізі – білім! Білім адамға өмірлік жолды таңдауда сенімділік пен еркіндік, биік шыңға жету мен өз қабілеттерін жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Мемлекетіміз білім беруді дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Осы саланы жаңғырту бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп, білім беру процесіне заманауи нысандар мен инновациялық әдістер енгізілуде. Жас ұрпақтың өзін-өзі табысты жүзеге асыру үшін барлық мүмкіндік жасалған. Оған дәлел ретінде айтар болсам, Қосшы қаласында үш жылда төрт мектепті пайдалануға беріп отырмыз. Кеше ғана мектептеріңіздің дайындығын тексеріп, Оқу-ағарту министрі және облыс басшысы келіп кетті. Кең, жарық, жаңа мектептің ұстаздарымен танысып, жаңа оқу жылымен құттықтады.

Құрметті ата-аналар мен ұстаздар! Балаларымыз - біздің жарқын болашағымыз. Олар өз күштеріне сенімді болуды, өз мақсаттарына табанды болуды, өз жаңалықтарында табысты болуды үйренетіні сөзсіз», - деді әкім құттықтауында.

Жаңа мектептің ғимараты 3-қабатты. Онда өскелең ұрпақтың білім алу үшін барлық жағдай жасалған. Мектепте 48 пәндік кабинет, кітапхана, металл және ағаш өңдеу шеберханалары, тігін шеберханасы, ас үй жабдықталған. Сондай-ақ, 2 спорт залы, салтанат залы, кең асхана және медициналық кабинет бар. Жаңа оқу жылында 600-ден астам оқушы осы мектептің табалдырығын аттады, оларды 35 педагог оқытады.

«Президентіміздің 3 ауысымдық мектеп проблемаларын жою бағытындағы тапсырмалары аясында елімізде біраз жұмыстар атқарылып жатыр деп айта алам. Осыдан 3 жыл бұрын Қосшыда мектептегі орын тапшылығы мәселесі күрделі еді. Бүгінде бұл мәселе толығымен шешілді, қазір 3 ауысымды оқу жүйесі толық жойылды. Міне, бүгін тағы да мектеп ашылып отыр. Жаңа мектебімізде 48 пәндік кабинет, 12 мамандырылған кабинеттер, химия, биология зертханалар, кітапхана, металл және ағаш өңдеу шеберханалары, тігін шеберханасы бар. Сондай-ақ, 2 спорт залы, асхана және медициналық кабинет жұмыс істейді. Оқушылардың барынша сапалы білім алуына жан-жақты жағдайлар жасалған. Жаңа оқу жылында 600-ден астам оқушы осы мектептің табалдырығын аттап отыр. Мектеп таза қазақ тілінде білім беретін болады. Кеше ғана мектебімізге облыс әкімі Марат Ахметжанов пен Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев келіп, мұғалімдер ұжымымен кездесті, жаңа оқу жылымен құттықтады», - дейді Қосшы қаласында жаңада ашылған мектеп директоры Жанәділ Мақатов.

Үйінің дәл жанынан мектеп ашылғанға ата-аналар да дән риза. 

«Дәл үйдің қасынан мектеп ашылғанына өте қуанып отырмыз. Менің балам 11-сыныпта оқиды. Бұған дейін ол қаладағы IT мектеп-лицейінде білім алып келген еді. Үйдің жанынан жаңа білім ордасы ашылған соң ұлым осыған ауысып келді. Оның үстіне мектеп таза қазақ тілінде білім беретін ұлттық мектеп болып отыр. Білім ордасын аралап көрдім, онда барлық жағай жасалған. Кітапхана мен асханасы және спорт залдары өте кең екен. Заманауи техникалармен жабдықталған. Балаларымыздың зейіні ашылып, білімге құштарлығы оянсын. Мен ата-ана ретінде айтарым, қазіргі оқушыларға барлық жағдай жасалып жатыр. Тек олар мүмкіндігі мен уақытын дұрыс пайдаланып оқулары керек. Осыны өзімнің балама да айтып отырамын», - дейді ата-ана Гүлжаһан Иманбердиева. 

Кеше Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бүгін ашылып отырған мектепте болып, ұстаздар қауымымен кездесті. Қазақ тілінде білім беретін мектеп, оқушылар мен ұстаздарға бар жайлылықты ұсынып, жоғары кауіпсіздікте білім алуды камтамасыз етіп, заманауи мүмкіндіктер берері сөзсіз. 

Айта кетсек, осыдан 3 жыл бұрын Қосшы мектептеріндегі орын тапшылығы мәселесі өте өзекті еді. Сол кезде Лесная поляна тұрғын алабындағы мектептегі бірінші сыныпқа барған оқушылар сыймай жатты. Алғаш мектепке барған оқушылар тіпті «Ы» деген сыныпта оқыған. Сол кездегі министр Асхат Аймағамбетов Лесная полянадағы мектепке өзі келіп, жағдайды көзімен көрді. 5 мың бала бір мектепте 3 ауысыммен оқыды. Осы аталған мәселелерді шешу үшін жедел әрі тиісті шаралар қолға алынды. 2022 жылы Қосшыда IT мектеп пайдалануға берілді. 3 жылдың ішінде 3900 орынға арналған 3 мектеп ашылды. Қазір қаладағы мектептегі орын тапшылығы мәселесі толық шешілген.

Серіктес жаңалықтары