Қосшы қаласында оқушылар саны 11 мыңнан асты
Жаңа оқу жылында өңірде 3 мектеп ашылады
Білім күні қарсаңында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев елордалық аймақтың жаңа мектептерінде болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Халық саны қарқынды өсіп келе жатқан Қосшы қаласында оқушылар саны 11 мыңнан асты. 2024-2025 оқу жылында мұнда 1200 орындық №4 жалпы білім беретін мектеп ашылады.
Үш қабатты заманауи ғимаратта білім алу үшін барлық жағдай жасалған. Мектепте 48 пәндік кабинет, кітапхана, металл және ағаш өңдеу шеберханалары, тігін шеберханасы, ас үй жабдықталған. Сондай-ақ, 2 спорт залы, салтанат залы, кең асхана және медициналық кабинет бар. Жаңа оқу жылында 500-ден астам оқушы осы мектептің табалдырығын аттамақ, оларды 35 педагог оқытатын болады.
Жоба облыстық бюджет есебінен «ФБК ДЕЛО» ЖШС мердігерлік ұйымымен іске асырылды.
Марат Ахметжанов пен Ғани Бейсембаев мұғалімдер ұжымымен кездесті, жаңа оқу жылымен құттықтап, табыс тіледі.
Сондай-ақ, өңір басшысы мен Оқу-ағарту министрі Целиноград ауданына қарасты Қараөткел ауылындағы мектепке барды.
Айта кетейік, жаңа оқу жылында өңірде 3 мектеп ашылады, оның 2-еуі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша салынды.
Сонымен қатар, осы жылдың соңына дейін 11 білім беру мекемесін ашу жоспарлануда, оның 7-еуі «Жайлы мектеп» жобасы бойынша салынған.
Айта кетсек, осыдан 3 жыл бұрын Қосшы мектептеріндегі орын тапшылығы мәселесі өте өзекті еді. Сол кезде Лесная поляна тұрғын алабындағы мектептегі бірінші сыныпқа барған оқушылар сыймай жатты. Алғаш мектепке барған оқушылар тіпті «Ы» деген сыныпта оқыған. Сол кездегі министр Асхат Аймағамбетов Лесная полянадағы мектепке өзі келіп, жағдайды көзімен көрді. 5 мың бала бір мектепте 3 ауысыммен оқыды. Осы аталған мәселелерді шешу үшін жедел әрі тиісті шаралар қолға алынды. 2022 жылы Қосшыда IT мектеп пайдалануға берілді. 3 жылдың ішінде 3900 орынға арналған 3 мектеп ашылды. Қазір қаладағы мектептегі орын тапшылығы мәселесі толық шешілген.
Алдағы уақытта Қосшыда тағы екі мектеп, Тайтөбе ауылында бір мектеп салынып, тұрғындар игілігіне ұсынылмақ. Соның бірі осы қыркүйекке қарай ашылатын Абай көшесіндегі 1200 орындық мектеп.
Сонымен қатар, Қосшыда былтыр ғана ашылған 1500 орындық мектеп-гимназияда барлық заманауи техникалық мүмкіндік жасалған. Бұл өскелең ұрпақтың жан-жақты білімді болып өсуіне жаңа мүмкіндіктер ашады. Өткен аптада ғана ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев аталған мектеп-гимназияға барды. Мемлекет басшысы роботты техника, мобилография, автомобиль жүргізуді виртуалды үйрену, шет тілі кабинеттерін, мектеп кітапханасын аралап көріп, ұстаздармен және оқушылармен әңгімелесті.
«Қазақстанның озық мемлекетке айналғанын қаласақ, осындай роботты техника сияқты бағыттарды үйрену керек. Бұл – өте қажет. Балаларымыз әрқашан білімді болсын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент мектеп ұжымына сәттілік тілеп, мектепке өзінің «Әке туралы ой-толғау» кітабын және Қазақстанда шығарылған автобус сыйға тартты.