Орал қаласына «ресейліктердің жаппай келуі» туралы видео фейк болып шықты
БҚО полиция департаменті түсініктеме берді
Орал қаласына «соғыстан қашқан ресейліктердің» жаппай келуі туралы видео мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде кеңінен таралуда. Бейнежазбада түнде бір топ адамның үш автобус жанында жиналып тұрғаны көрсетіледі. Оқиға «Пединститут» аялдамасында болған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Мой город сайтына сілтеме жасап.
Видеоны түсірген автордың айтуынша, бұл адамдар соғыстан қашып, Орал қаласына көшіп жатқан ресейліктер.
Алайда, Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл ақпараттың жалған екенін хабарлады.
«Әлеуметтік желілерде 26 тамызға қараған түні Орал қаласына Ресейден үш автобуспен босқындар келгені туралы видео таралып жатыр. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Видеода көрсетілген адамдар — Ресей Федерациясының жоғары оқу орындарына түскен Батыс Қазақстан облысының жалпы орта білім беру мектептерінің түлектері, олар (шамамен 135 адам) Қазан қаласына бара жатқан талапкерлер», - деп хабарлады полиция.