Енді Қазақстанда балабақшадағы балаларға да баға қойылады - Ғани Бейсембаевтың сұхбатынан
Ол үшін оқу-ағарту министрлігі білім беру ұйымдарында мектепке дейінгі жастағы балалардың даму картасын енгізеді
Оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі жастағы балалардың даму картасын автоматтандырды. Карта балалардың дамуын бақылауға және олардың бойында дағдылардың қаншалықты қалыптасқанын бағалауға мүмкіндік береді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев «Бәрі ашық» жобасында айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Аталған карта бастауыш сынып педагогтері үшін балалардың мектеп бағдарламасын одан әрі меңгеруінде маңызды құрал болмақ.
«Қай кезеңде де болсын, қай уақытта да болсын министрліктің күн тәртібінен түспейтін ең басты бағыттарының бірі – білім сапасы. Былтыр Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында білім саласындағы сапаға басым бағыт беру туралы, оны жоғары деңгейге жеткізуде барлық тиісті шараларды қабылдау туралы тапсырма берген болатын. Бұл бағытта бүгінгі күні білім жүйесінің барлық сатысында тиісті шаралар қабылдап, енгізіп үлгердік. Оның ішінде, биылдан бастап балабақшадағы балаларымыздың арнайы үлгерім карталары әзірленіп, автоматтандырып, бірінші сыныптың мұғалімдеріне беріледі. Яғни, бірінші сыныптың мұғалімі баланы балабақшадағы деңгейін анықтай отырып, оның ары қарай дамуына тиісті шаралар қабылдауына мүмкіндік береді. Бұл да жалпы мектепке келген баланың білімінің сапалы болуына әсер етеді», - деді министр.