Қорғаныс министрлігінен ескерту: 5 облыс бойынша әскери техника жүріп өтеді
Бұл – Абай, Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстары
Қазақстанның 5 облысында әскери техника жүріп өтеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ҚР Қарулы күштерінің жауынгерлік дайындық бағдарламасы шеңберінде 2024 жылғы 2-13 қыркүйек аралығында Жамбыл облысының «Мәтібұлақ» оқу полигоны базасында «Айбалта-2024» жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуын өткізу жоспарлануда.
«Жауынгерлік дайындық іс-шаралары Абай, Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстарының аумағы бойынша күштер мен құралдардың қозғалысымен ұштасады. Оқу-жауынгерлік міндеттерді пысықтау мақсатында биылғы жылдың 26 тамызынан бастап бөлімшелер аралас тәсілмен, яғни теміржол және автокөлік жолымен марш жасайды. Содан кейін тұрақты орналасу пунктеріне де солай оралады», - деп мәлімдеді Қорғаныс министрлігі.
Көрсетілген уақыт кезеңінде еліміздің жекелеген аудандарында шектеу шаралары енгізілуі мүмкін.
Осыған байланысты ел тұрғындарынан таратылатын қауесетке көңіл аудармай, тек ресми ақпарат көздеріне сенуді сұраймыз, деп жазды министрлік.