Алматыда «Жастар практикасы» бағдарламасына қатысушыларға 69 450 теңге төленеді
Биыл орталық Алматыда 1618 адам жастар практикасына жіберуді көздеп отыр

Алматыда «Жастар практикасы» бойынша тәжірибеден өтіп жатқандарға жалақы төленеді. Бұл туралы бүгін онлайн брифингте Алматы қаласы Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Диляра Иманқұлова айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Спикердің айтуынша жастар арасында іс-тәжірибеден өтуге келгендер ай сайын 69 450 теңге қаражат алады.
Жастар практикасы – ЖОО мен колледж түлектеріне арналған жұмыспен қамту бағдарламасы. Оны аймақтық әкімдіктер жанындағы жұмыспен қамту орталықтары ұйымдастырады. Жастар практикасының мақсаты – түлектердің өз мамандығы бойынша тәжірибе жинауына және жұмысқа орналасуға дайын болып баруы мен жұмысқа орналасуына ықпал етеді.
«Еңбек» деп аталатын республикалық бағдарлама халықты жұмыспен қамтуға бағытталған. Соның аясында жастарға, әсіресе ЖОО-ның немесе орта кәсіптік білім беру орындарының түлектерін жұмысқа беймідеуге көңіл бөлінеді. Олардың ынтасын арттырып, тиісті бағдарламаға белсенді қатысу үшін жалақы төлеу туралы шешім қабылданды.
«Жұмыспен қамту орталығы қаладағы бірқатар ұйыммен келісімшарттар жасады. Мұндай ұйымдар сапында мемлекеттік мекемелерден тыс, жеке компаниялар да бар. Біз жастардың өз таңдауын да сыйлаймыз. Өзі қалаған мекемеге жұмысқа баруға мүмкіндік береміз. Тәжірибе жинаған соң, жарты жылдан кейін жолдама береміз», - дейді орталық жетекшісі.
Орталық биыл Алматыда 1618 адамды жастар практикасына жіберуді көздеп отыр. Қазірдің өзінде онымен 142 жас маман шұғылданып жатыр. Практика мерзімі 6 ай. Олар 25 АЕК (69 450 теңге) көлеміндегі төлемақыны 1 сәуір 2020 жылдан бері алып жатыр.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы