«Ғимаратты жабайы иттер жайлап алған»: Құлсарыда айдалаға салынған мектеп иесіз қалған
2020 жылы күрделі жөндеуге сметалық жобасы жасақталып, 1,6 млрд теңге қажеттігі анықталған
Мектеп осыдан 14 жыл бұрын қаладан үш шақырым жерде «Болашақ» ықшам ауданында салынған. Бастапқыда айдалада салынған мектепке оқушылар автобус арқылы қатынап, кейінірек бұл ғимаратқа қазақ-түрік лицейі орналасты. Бірақ ол да иеленіп жарытпады, қаладан қашықтығына байланысты лицей басқа орынға көшіп, өткен жылдан бері ғимарат бос тұр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақжайыққа сілтеме жасап.
Бүгінде облыстық білім басқармасы балансысындағы бұл ғимарат әбден тозған, канализация, ток жүйелері жаңалауды қажет етіп тұр. Қабырғаларда сызат пайда болған. Ғимаратты жабайы иттер жайлап алған.
Белгілі болғандай, 2020 жылы күрделі жөндеуге сметалық жобасы жасақталып, 1,6 млрд теңге қажеттігі анықталған. Бірақ бұл қаржы бөлінбегендіктен мектеп бұрынғыдан да тозып, күрделі жөндеуге кететін шығынды көбейтті.
Облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі ғимаратты Жылыой аудандық әкімшілігінің балансысына беру үрдісі басталып кеткенін хабарлады.
«Аудандық әкімшіліктің балансысына алу жөнінде білім басқармасына хат жаздық, біздің теңгерімге беру жөнінде. Енді соны күтіп отырмыз. Бұдан кейін ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, пайдаланатын боламыз»,-дейді аудан әкімінің орынбасары Гулнафис Айшуақова.