Альберт Рау Рудныйда ауыр жүк көлігі жүргізушілерімен кездесті
Мәжіліс Төрағасының орынбасары жаңа Бюджет кодексі жобасы туралы да айтып берді
Мәжіліс Төрағасының орынбасары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Альберт Рау Қостанай облысына жұмыс сапары аясында Рудный қаласына барды. «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ автомобиль цехының карьерлік машиналарының жүргізушілерімен кездесуде депутат «AMANAT» партиясының сайлауалды уәделерін жүзеге асыру, жүргізушілердің мерзімінен бұрын зейнетке шығу құқығын қамтамасыз ету, сондай-ақ Рудный қаласының коммуналдық инфрақұрылымын жаңарту туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Зиянды өндірістерде жұмыс істейтіндер үшін зейнет жасын 55 жасқа дейін төмендету туралы заң осы жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енгені белгілі. Бұл ретте қызметкерге зейнеткерлікке шығу немесе жұмыс бағытын өзгертіп, жеңіл жұмысқа көшу мүмкіндігі беріледі. Мәжіліс Вице-спикері Альберт Рау ауыр жүк көліктерінің жүргізушілеріне арнайы әлеуметтік төлем алу құқығын қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстар туралы еңбек ұжымын хабардар етті.
«Мерзімінен бұрын зейнетке шығу мәселесі біздің партияның сайлауалды бағдарламасындағы басты мәселенің бірі болды, Президент заңға өткен жылдың соңында қол қойды. Сіздер «AMANAT» партиясына сенім білдірдіңіздер, ал біз өз уәделерімізді орындап жатырмыз. Биылғы жартыжылдықта мен салалық ведомстволармен кездесулер өткіздім, еліміздегі карьерлік ауыр жүк көліктері жүргізушілерінің санын есептеп, әрқайсысының жұмыс сағатын санадық. Заң бар, енді Еңбек министрлігінің бұйрығы қажет, бұл бюджет қаражатын жұмсауға әкеледі. Сондықтан қазір республикалық бюджеттік комиссияның келісімін алу үшін есептеулер жүргізілуде, бірақ қазірдің өзінде мәселенің оң шешілгенін айтуға болады. Мысалы, қазір еліміз бойынша шамамен 8 мың адам арнайы әлеуметтік төлемдер алып отыр», – деді Альберт Рау.
Мәжіліс Төрағасының орынбасары жаңа Бюджет кодексі жобасы туралы да айтып берді. Депутаттар әрбір елді мекенде жеке табыс салығының толық көлемі, сондай-ақ шағын бизнестен түсетін пайда салығы осы елді мекеннің бюджетінде қалатындай түзетулерді мақұлдады. Осылайша, бұл қаражатты белгілі бір қала немесе ауылдың қажеттіліктеріне, жергілікті билік пен мәслихат депутаттарының шешімімен пайдалануға болады.
Сонымен қатар кездесуге қатысушылар жергілікті инженерлік және коммуналдық инфрақұрылымды дамыту мәселелерін талқылады.
«Қалаларға арналған біздің сайлауалды бағдарламамыздың негізгі тармақтарының бірі – коммуналдық инфрақұрылым. Рудныйда өткен жылы жылу желілерін реконструкциялауға алғашқы 4 млрд теңге бөлінді. Биыл да сол жұмыс шамамен 3-4 млрд теңгеге жалғасуда, оның ішінде қалалық желілерді жөндеу жұмыстары бар. Сондай-ақ жыл соңына дейін айналма жол мен көпір салуға тендер жарияланады», – деп атап өтті депутат.
Кездесу барысында Альберт Рау жиналғандарға Мәжіліс депутаттарының өткен сессияда атқарған жұмысы, Президенттің «Ұлттық қор – балаларға» бастамасын жүзеге асыру, құмар ойындарға қарсы күрес туралы қабылданған заң және қаржылық алаяқтарға қарсы іс-қимыл туралы айтып берді.