«Талдықорған-Қалбатау-Өскемен» тас жолын жөндеу жұмыстары биыл аяқталады
Министр жолдың Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарындағы 3 учаскесінде болып қайтты
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов «Талдықорған-Қалбатау-Өскемен» жобасы аясындағы жұмыстардың барысымен танысты, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
«Ұзындығы 763 шақырымды құрайтын автомобиль жолын қайта жаңарту жобасы 2017 жылы басталды. Содан бергі 3 жыл ішінде жолшылар жұмыстарды толықтай аяқтады десе болады. Биыл бұл жолда қозғалыс толық ашылады деп жоспарланып отыр. Тасжолды қайта жаңарту жұмыстарының басты мақсаты – қозғалыс бөлігін кеңейту арқылы үшінші техникалық санаттағы автожолды бірінші және екінші санатқа сәйкестендіру. Бұл көліктердің жолмен үздіксіз әрі қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етеді»,- делінген хабарламада.
Жолдағы қайта жаңарту жұмыстары аяқталған соң Талдықорғаннан Өскеменге 7-8 сағат ішінде жетуге болады. Бұл тасжол Алакөл курорттық аймағына апаратын маңызды күре жол екенін айта кету керек. Яғни, жобаның Қазақстанның туристік кластері үшін де маңызы зор. Өскеменнен курорттық аймаққа 4-5 сағаттың ішінде жете алады.
Министр Бейбіт Атамқұлов жолдың Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарындағы 3 учаскесінде болып қайтты. Мұнда жол-құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Аталмыш жұмыстарға шамамен 3 мыңдай адам жұмылдырылған. Жобаның бас мердігерлері – «Тодини Централ Азия» ЖШС, «К-Дорстрой» АҚ және «CITIC Construction Co, LTD» компаниясы.
«Талдықорған–Қалбатау–Өскемен» тасжолында күрделі жөндеу соңғы рет 20 жыл бұрын жүргізілгенін айта кету керек.
Еске сала кетейік, Қазақстанда 2020 жылы республикалық маңызға ие жолдардың 2600 шақырымында қозғалыс ашылады деп жоспарланып отыр.
Анықтама:
Алматы облысындағы жалпы ұзындығы 385,3 шақырымды құрайтын «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» автомобиль жолының 287-685 шақырымдарының аралығын қайта жаңарту жұмыстарына 1541 адам мен техниканың 860 бірлігі жұмылдырылған. Жалпы алғанда, жыл басынан жолшылар 673 мың текше метр жер қазу жұмыстарын орындап, 166 су өткізу құбыры мен 23 көпірді монтаждау жұмыстарын аяқтады. Бұдан бөлек, жолдың 6,5 шақырымында қиыршық тасты жол жабындысы, 5 шақырымында асфальт жабындысының жоғарғы қабаты төселді.
Шығыс Қазақстан облысындағы тасжолдың ұзындығы 195 шақырымдық учаскесінде (685-880 шақырымдар) жыл басынан бері 143 мың текше метр жер қазу жұмыстары істелініп, 44 су өткізу құбыры орнатылды. Сонымен қатар, жолдың 2,5 шақырымында қиыршық тасты жол жабындысы мен 1,5 шақырымында асфальт жабындысының жоғарғы қабаты төселді. Аталмыш жол учаскесінде 638 маман мен техниканың 320 бірлігі жұмылдырылған.
Қайта жаңарту жұмыстары жүріп жатқан 189 шақырымдық жол (880-1073 шақырымдары) учаскесінде жолшылар 182 мың текше метр жер қазу жұмыстарын орындап, 89 су өткізу құбырын, 3 көпірді қайта жаңарту жұмыстарын аяқтады, 1 жол өтпесін салу жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, жолдың 11 шақырымында қиыршық тасты жол жабындысы, 6 шақырымында асфальт жабындысының жоғарғы қабаты, 3 шақырымында асфальт-бетон жабындысының төменгі қабаты төселді. Нысандағы жұмыстарға 462 жол маманы, техниканың 277 бірлігі жұмылдырылды.