Оның да аты-жөні – Абай Құнанбайұлы: ІІМ-де есім-сойы ерекше тәртіп сақшысы қызмет етеді
Елімізде 10 тамызда Абай күнін атап өту дәстүрге айналған
Қазақстан полициясында Абай есімді 200 тәртіп сақшысы қызмет етеді. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Биыл қазақтың ұлы ойшылы, ақын, философ Абай Құнанбайұлының туғанына – 179 жыл. Төрт жылдан бері жыл сайын 10 тамызда Абай күнін атап өту елімізде дәстүрге айналған.
Ерекше тоқталып өтетін жағдай, Қазақстан полициясында ұлы ақынмен аттас 200 полицей қызмет етеді. Ішкі істер органдарында ақынның толық аты-жөнін арқалаған тәртіп сақшысы бар екен. Ол – Қарағанды қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция полкі штабының бастығы Жаналин Абай Құнанбайұлы. Болмысы биік Абайдай білімді, ақын, ағартушы, ізденімпаз болсын деп кейіпкеріміздің есімін ағасы қойыпты.
Полицей Абай Құнанбайұлы 1982 жылы Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданында дүниеге келген. Ауыл мектебін бітірген соң, жоғары оқу орнына заңгер мамандығына түскен. 2002 жылдан бері ішкі істер органдары қызметкерлерінің қатарында.
Полиция қызметкері шығармашылыққа жақын болмаса да, Абай мұрасымен жақсы таныс.
«Мен – Абай Құнанбайұлымын. Бұл есімді алып жүру – мен үшін үлкен құрмет. Білесіз бе, ұлы адамның есімімен аттас болу – үлкен жауапкершілік. Мен өзіме ғана емес, өзгеге де үлгі болуым қажет. Маған қарап бой түзейтіндей, таңдаған жолымда адаспай жүруім керек екенін бала күннен, яғни Абай атамыздың өмір жолын оқып білгеннен-ақ ұққанмын», – дейді сала қызметкері.
ХХI ғасырдағы Абай Құнанбайұлы жұбайымен бірге үш бала тәрбиелеп отыр. Құнанбайдың атасы қыздарының бірін Зере деп атаған екен. Осылайша, бұл отбасының тағы бір мүшесіне танымал есім берілген.