Ақтауда түнгі уақытта бетін тұмшалап, автоматпен жүрген қыздар жұртты шошытты
Оқиға 26 шілде күні болған
Маңғыстау облысында ниқаб киген екі қыздың ойыншық автоматтармен жүрген бейнежазбасыны желіде қызу талқыланды. Тексеру іс-шараларын жүргізу барысында осы оқиғаға қатысы бар адамдар ұсталып, полицияға жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Белгілі болғандай, 26 шілдеде сағат 22:30 шамасында Ақтау қаласының 15 жасар тұрғыны өзінің 17 жастағы досымен балалар саябағында ойыншық автоматтармен жүргенін видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеген.
«Жасөспірімдердің заңды өкілдері кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз үйден тыс болуы, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Профилактикалық әңгіме жүргізілді, қыздар профилактикалық есепке қойылды», - деп хабарлады полиция департаменті.