Ауылдан қалаға айналған Қосшы 3 жылда қалай өзгерді
5 мың бала бір мектепте 3 ауысыммен оқыды
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 26 шілдедегі №629 Жарлығымен Қосшыға облыстық маңызы бар қала мәртебесі берілді. Содан бері тура 3 жыл өтті. Осы кезеңде Қосшы Қазақстан бойынша халқының өсуі, қарқынды дамуы бойынша алдыңғы орындарға шықты. Мәселен 2021 жылы қалада 19 мың адам тіркелсе, 2024 жылы маусым айында 57 мың адамнан асты. Azattyq Rýhy тілшісі 3 жылда қала қалай өзгергенін өз көзімен көріп қайтты.
«Ы» сыныбы: Мектептердегі 3 ауысымды жүйе толық жойылды
Сол кездегі ауыл статусындағы Қосшының проблемаларын сол деңгейде шешу мүмкін емес еді. Сондықтан да қалаға облыстық деңейдегі қала дәрежесі берілді. Бұл барлық жағынан алғанда дұрыс шешім болды. Бұл шешімге қалың бұқара да зор үміт артты. Себебі мектептегі орын тапшылығы, ауызсу мәселелері күйіп тұрған проблема еді. Қосшы мектептеріндегі орын тапшылығынан Лесная поляна тұрғын алабындағы мектептегі бірінші сыныпқа барған оқушылар сыймай жатты. Алғаш мектепке барған оқушылар «Ы» деген сыныпқа дейін алынды. Сол кездегі Білім министрі Асхат Аймағамбетов Лесная полянадағы мектепке өзі келіп, жағдайды көзімен көрді. 5 мың бала бір мектепте 3 ауысыммен оқыды. Осы аталған мәселелерді шешу үшін жедел әрі тиісті шаралар қолға алынды. 2022 жылы Қосшыда IT мектеп пайдалануға берілді. 3 жылдың ішінде 3900 орынға арналған 3 мектепті пайдаға тапсырылды. Қазір қаладағы мектептегі орын тапшылығы мәселесі толық шешілді. Алдағы уақытта Қосшыда тағы екі мектеп, Тайтөбе ауылында бір мектеп салынып, тұрғындар игілігіне ұсынылмақ. 2024 жылы Абай көшесіндегі 1200 орындық мектепті пайдалануға берілмек.
Су, жол мәселелері шешілді
Қосшы енді қала болған кезде Лесная поляна шағын ауданындағы көппәтерлі үйлерде ауызсу тапшылығы өте күйіп тұрған проблемалардың бірі еді. Бұл мәселеге 2019 жылы тіпті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев араласып, тиісті тапсырмалар берген еді. 2021 жылы Қосшыдағы көпқабатты үйлердің жоғарғы қабаттарына су көтерілмей қалатын еді. Бұл бағыттағы 2022 жылы «Қосшы су» мекемесі құрылды. Аталған мекеме авариялық бригадалар құрып, су құбыры және тұрғын үйлердегі желілерге кешенді тексерулер жүргізуп, су құбырлары өтетін трассалардағы судың ысырап болу ықтималдықтарын жойды. Осы жұмыстардың нәтижесінде тәулігіне 2500 м3 дейін су тұтынуды үнемдеуге қол жеткізілді. Сонымен қатар қаланы сумен жабдықтаудың төртінші кезеңін іске асыру жалғасып жатыр. 2022 жылдан бастап орталықтандырылған су құбыры желісіне 1900 абонент қосылса, биыл тағы 1000 абонент қосу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта Тайтөбе ауылын орталықтандырылған су жүйесімен жабдықтау бойынша жоба әзірленіп, тиісті жұмыстар жасалуда.
Жол салу қашан да өркениет көрсеткіші болып саналады. Қосшыда бұл бағытта да ауыз толтырып айтарлық жұмыстар жасалды. 3 жыл ішінде жалпы ұзындығы 73 шақырымға созылатын көше-жол желісі салынды. Аталған кезең ішінде қаладағы тасжолдың ұзындығы 185 шақырымнан 235 шақырымға дейін ұзарды. Биыл Тайтөбе аулына 12 шақырымдық жол салынып жатыр.
Мемлекеттік емхана ашылды
2023 жылы 100 келушіге арналған мемлекеттік емхана тұрғындар игілігіне берілді. Оған тіркелген халықтың жалпы саны 15 мыңнан асады. Емхана жанынан 5 төсек-орынға арналған күндізгі стационар ұйымдастырылған. Емхана 4 санат бойынша халыққа тәулік бойы қызмет көрсетеді, оның ішінде жедел жәрдем қызметі бар. Жедел жәрдем станциясы бұрын Тайтөбе ауылында орналасса, 2023 жылдан бері Қосшы қаласына көшірілді. Қазіргі уақытта жедел жәрдемнің 4 бригадасы тұрғындарға үздіксіз көмек көрсетуде. Сонымен қатар «Лесная поляна» шағын ауданында жеке инвестициялар есебінен жеке емхана да жұмыс істеп тұр. Бұл тұрғындары жылдам өсіп жатқан өңір үшін емханадағы кезек жүктемелерін төмендетуге айтарлықтай үлес қосуда.
Бұдан басқа Қосшыда жаңа көпсалалы жаңа аурухана салынып жатыр. Жуырда ғана Ақмола облысының әкімдігі мен «Viamedis» компаниясы арасында Қосшы қаласында 1000 келушіге арналған емханасы бар 300 орындық көпсалалы аурухана құрылысын салу туралы меморандумға қол қойылды. Көпсалалы аурухана Қосшы қаласы мен оған жақын 6 аудан тұрғындарына барлық қажетті медициналық көмек көрсетеді. Сондай-ақ, ата-аналар бөлімі, жүкті әйелдер мен жаңа туған нәрестелерге арналған патология және онкологиялық көмектің толық кешені болады. Кадрларды тарту үшін 96 пәтерлі үй мен пансионат салу жоспарланып отыр.
Мәдени-спорттық нысандар көптеп салынып жатыр
Қалада спорттық-мәдени кешендер салынып, тұрғындарға жайлы әрі пайдалы жағдайларға жол ашуда. Алғаш рет Қосшыда мемлекеттік спорт нысаны – «ALAN» спорттық сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Кешен заманауи спорттық жабдықтармен және барлық қажетті материалдық-техникалық құралдармен жабдықталған. Мұнда ересектер мен балаларға арналған бассейндер, спорт залы, күрес және ойын залы бар. Аталған кешендегі бассейнге келушілердің саны күн сайын артып жатыр. Ашылғалы бері үш жүзден адам тұрақты түрде суға шомылумен шұғылдануда. Тұрғындар бұрығыдай бассейн іздеп Астанаға сабылмайды. Бұл халықтың спортпен тұрақты айналысуына зор мүмкіндік ашты.
Бұдан бөлек Қосшыда жеке инвестордың қаражатына жаңа қоғамдық мәдени-спорт орталығы салынып жатыр. Жаңа орталықтың ауданы 7,7 мың шаршы метрді құрайды. Орталықтың жобасы ең озық халықаралық тәжірибені ескере отырып жасалған. Мұндай қоғамдық мәдени-спорт орталықтары, әсіресе Еуропа елдерінде кең таралған. Кешен шығармашылық және спорттық үйірмелерді, ересектер мен балаларға арналған демалыс орталықтарын ұйымдастыруға, концерттер, кітап жәрмеңкелері мен өнер көрмелерін өткізуге арналған алаң ретінде қызмет етеді. Нысан үш негізгі аймақтан – білім беру, мәдени және спорттық аймақтардан тұрады деген жоспар бар. Білім беру блогына робототехника, кескіндеме, тігін және қыш жасау студиялары, шахмат, информатика мен математиканы үйрететін сыныптар, балаларға арналған егіншілік сабақтар үшін қысқы бақ, кинотеатр болады. Бұл кешен пайдалануға берген кезде тұрғындар үшін қала одан әрі жайлы, мәдени кешендері толыққан, инфрақұрылымы дамыған жайлы мекенге айнала түспек.
Қаланың инвестициялық климаты айтарлықтай жақсарған
Үш жылда бес мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылып, қаланың инвестициялық әлеуеті айтарлықтай артқан. Биылғы 1 шілдедегі ақпарат бойынша 3 жыл ішінде (2021-2024 жылдары) қалаға жалпы сомасы 105 млрд теңге инвестиция тартылған. Қалада әлеуметтік нысандардың құрылысына инвестиция тарту жұмыстары белсенді жүргізілуде. 2022-2024 жылдары 2 демалыс базасы (Тау паркі, Уайт холл), AQ ANYZ кондитерлік цехы, 5 сауда ойын орталықтары жұмыс істеп тұр. Биыл көктемде қалада құс етінен жартылай фабрикаттар өндіретін зауыт ашылды. Құны 3 миллиард теңгені құрайтын инвестициялық жоба Қазақстан мен Орталық Азияда құс етінен дайын жартылай фабрикаттар шығаратын жалғыз кәсіпорын болып отыр. Зауыт жартылай фабрикаттардың алғашқы партиясын бірнеше ай бұрын шығара бастаған. Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 3000 тоннадан астам дайын өнімді өндіруге жетеді. Өндірістік кешен Германия мен Испанияда шығарылған заманауи жоғары технологиялық жабдықтармен жұмыс істеп тұр. Алғашқы өндірістік желіге 90-ға дейін адам тұрақты жұмысқа қабылданды.
Жалпы Қосшының Астанаға жақын орналасуы, қала халқының жылдам өсуі және басқа мемлекеттік түрлі қолдау шараларының кеңеюі кәсіп ашқандарға зор мүмкіндіктер беруде. Қалада шағын және орта кәсіп субъектілерінің саны жыл сайын артып келеді. Нақты санмен мысал келтірсек. Қосшы қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі берген мәліметке қарағанда, қалада 2021 жылы 1549 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі болған. Ал 2024 жылы Қосшыда 3226 кәсіпкер тіркеліп, жұмыстарын жүргізіп жатыр. Екі-үш жылдың ішінде кәсіпкерлер саны бірнеше есеге өскен.
Қосшы 3 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өтті
Биыл қала күніне 10-нан аса түрлі мәдени-спорттық, экологиялық шара ұйымдастырылды. Атап айтқанда, қалада алғаш рет қазақ күресінен «Түйе палуан» жарысы өтті. Күрескен жүректі және білекті жігіттердің ішінен Жұмағали Алмас – түйе палуан атанып, 150 000 теңгені иеленді. Екінші орынды Баухан Дастан (100 000 теңге), үшінші орынды Абдрахманов Мадияр (50 000 теңге) иеленді. Бұл спорттық шара Тайтөбе ауылында балалар мен ересектердің қатысуымен жүгіруден «Kross-салауатты өмір салты – 2024» дәстүрлі марафонымен сабақтасты. Бұл шара Қосшы қаласы мен Тайтөбе ауылы тұрғындары арасында бұқаралық спорт мәдениетін қалыптастыру, көңілді мерекелік атмосфера құру, шығармашылық бастама көтеруге ұмтылдыру, ұйымшылдыққа, мейірімділікке талпынту, өскелең ұрпақтың спортқа деген құлшынысына ықпал ету мақсатында ұйымдастырылды. Іс-шараға қалалық мәслихаттың депутаты, меценат Болат Абдрахманов пен Ақмола облысы қоғамдық кеңесінің мүшесі, қалалық мәслихаттың депутаты Ирина Осипова демеушілік жасады.
Қосшы – өнер мен мәдениет тоғысқан қалаға айналып келеді. Қалада түрлі өнер, білім орталықтарының қанат жаюы солардың көрінісі. Қала күні аясында «Фазенда» демалыс орталығында қаланың қолөнер шебелері мен суретшілерінің көрме-жәрмеңкесі, сонымен қатар Лесная поляна шағын ауданындағы аллеяда жас суретшілер және қала тарихынан сыр шертетін фото көрмелер ұйымдастырылды. Жас суретшілер көрмесінде «Сауран», «Жаңа Белес», «Өнер», «Болашақ», «ArtHouse» өнер орталықтары тәрбиеленушілерінің жұмыстары ұсынылды.
Қосшы таза әрі адамдар үшін қолайлы қалаға айналуы тиіс. Қаланы абаттандыру бағытындағы жұмыстар да жүйелі жүргізіледі. Қосшылықтар Президенттің бастамасымен іске қосылған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына көктемнен бері белсенді қатысып, қолдау білдіріп келеді. Қала күні аясында да «Таза бейсенбі» шарасы өтті. Оған Қосшы қаласының әкімдігі мамандары, қалалық мәслихат депутаттары, «Жасыл ел» еңбек жасағы жастары және коммуналдық ұйым өкілдері белсене қатысып, қаланы қоқыстан тазартты.
27 шілде күні Қосшы мектеп-гимназия салтанат залында өткен жиында қаланың үш жылдығына арнайы жасалған медалмен қарапайым еңбек адамдары, қаланың коммуналдық тыныс-тіршілігін қамтамасыз етіп отырған сала мамандары, дәрігерлер, қоғам белсенділері, ардагер ұстаздар, меценаттар мен кәсіпкерлер марапатталды. Мерекелік медалды қала әкімі Гайдар Қасенов салтанатты түрде табыстады.
«Қосшыға қала статусының берілуі экономикалық, территориялық аумақтық жағынан өте дұрыс шешім болды. Өйткені халқы саны жыл сайын өсіп, шешілмеген проблемалары жылдар бойы қордаланған ауыл мәселесін басқаша шешу мүмкін емес еді. Қала болғанан кейін оның құрылған күні, тарихы болады. 26 шілде Қосшы қаласының туған күні ретінде тойлана бастайды. 3 жыл қаланың дамуы мен қалыптасуы үшін өте қысқа уақыт. Дегенмен ауыз толтырып айтарлық жұмыстар жасалды. Оның игілігін халық көріп отыр. Қазір қала күні аса танымал атаулы күн болмауы мүмкін. Алайда 20-30 жылдан кейін дәл осы күн қосшылықтар үшін асыға күтетін, идеологиялық жағынан маңызды әрі мәнді мерекелердің бірі болатындығына сенемін. Қала күнін атап өтуге кеткен қаржылық шығын туралы ашық айтайын. Бұл мерекені атап өтуге бюджеттен, мемлекеттен бір тиын қаражат бөлінген жоқ. Қала күні аясында өткен барлық іс-шара өзіңіз көріп отырғандай, аса көп қаражатты талап етпейтін, есесіне тәбиелік мәні мен маңызы бар шаралар болды. Сосын кейбір шараларды өткізуге қаламыздағы жанашыр меценат азаматтар, кәсіпкерлер қол ұшын беріп, көмек жасады», - дейді Қосшы қаласының Ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Айнагүл Көңбайқызы.
Қала күні асындағы мерекелік шаралар танымал жұлдыздардың қатысуымен ашық аспан астанда «OPEN AIR-2024» мерекелік шоу концертімен қорытындыланды. Кештің қонақтары Қазақстан эстрадасының жарық жұлдыздары – Нұрлан Әлімжанов, Argonya, Мәди Қадыров және Құрал Молжанов болды. Танымал жұлдыздармен қатар қосшылық өнерпаздар да өнер көрсетті. Концерт соңында арнайы сыйлықтармен мерекелік отшашу қала тұрғындарына жақсы көңіл-күй сыйлады.