$ 549.06  644.87  6.66
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстанда қазан айында ауа райы қандай болады

Қазақстан бойынша 2025 жылғы қазан айына арналған ауа райы болжамы жарияланды

Қазақстанда қазан айында ауа райы қандай болады
Фото: istockphoto.com

«Қазгидромет» РМК қазан айына арналған консультативтік ауа райы болжамы белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Синоптиктердің мәліметінше, солтүстік-батыс антициклонымен байланысты қыркүйек айының соңындағы суық ауа райы қазан айының басында да сақталады. Қазақстанның басым бөлігінде түнгі уақытта температуралық фон -1-6°С, күндіз +2+9°С күтіледі.

Алайда алғашқы онкүндіктің екінші жартысында Орталық Азия мен Жерорта теңізінің шығыс жағалауынан жылы ауа массаларының шығарылуымен түнгі және күндізгі температураларының жоғарылауы күтіледі:

  • елдің батысында түнде +7+12°С дейін, күндіз +17+25°С дейін;
  • солтүстігінде, шығысында түнде +2+8°С дейін, күндіз +10+18°С дейін;
  • республиканың шығысында түнде +2+7°С дейін, күндіз +15+23°С дейін;
  • оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында түнде +5+12°С дейін, күндіз +20+28°С дейін.

«Онкүндіктің соңында Қазақстанның солтүстік-батыс жартысында ауа температурасының аздап төмендеуі күтіледі. Елдің оңтүстік жартысы мен шығысында бұл суық толқын екінші онкүндіктің басына келеді.

Екінші онкүндікте елдің басым бөлігінде қайтадан жылыну күтіледі, ауа температурасы күндіз +13+18°С, оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында +22+27°С дейін жылынады», – делінген синоптиктер болжамында.

Мамандардың мәліметіне сәйкес, үшінші онкүндікте ауа температурасының төмен фоны болжанып отыр. Түнде жекелеген күндерде ауа температурасының -1, -6°С дейін, елдің солтүстік, орталық және шығыс өңірлерінде -7-12°С дейін, күндіз 0, +8°С дейін төмендеуі күтіледі. Елдің оңтүстік жартысында ауа температураның түнде -1, -6°С-тан +3, +8°С-қа дейін, күндіз +5, +13°С-тан +13, +20°С-қа дейін ауытқуы болжанып отыр.

Осылайша суық ауа райынан басталған қазан айы бірінші және екінші онкүндіктерінің ортасында жылы күндермен қуантады, бірақ айдың аяғында қыстың жақындағанын тағы да еске салады.

«Бір ай ішінде тұрақсыз ауа райы болжанады, тұман, көктайғақ, екпінді жел, айдың екінші жартысында елдің солтүстік жартысында жаяу бұрқасын болуы ықтимал.

Ескерту: бір айға арналған ауа райы болжамы консультативтік ретінде пайдаланылуы керек, ол кейіннен синоптикалық жағдайдың өзгеруіне қарай түзетіледі және онжылдыққа арналған ауа-райы болжамдарымен нақтыланады», – деп хабарлайды «Қазгидромет» РМК.

Серіктес жаңалықтары