Қазақстандағы ең ұзын көпір жыл соңында пайдалануға беріледі

Azattyq Rýhy

Құрылысы 2021 жылы басталған нысан 80%-ға дайын

Қазақстандағы ең ұзын көпір жыл соңында пайдалануға беріледі
Фото: primeminister.kz

Олжас Бектенов Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін Қазақстандағы ең ұзын көпір құрылысының барысымен танысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

50 жыл бойы Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл, Күршім, Көкпекті және Қатон-Қарағай аудандары арасындағы көлік қатынасы жазғы уақытта паром арқылы, қыс мезгілінде мұз үстімен жүзеге асырылып келді. 2019 жылы ауқымды әлеуметтік маңызы бар жобаны – автокөпір өткелін салу міндеті қойылды. Аталған жұмыс 2021 жылы басталды.

«Көпірдің барлық тіректері орнатылып, аралық құрылыстардың 20 металл конструкциясы дайындалды, оның 19-ы орнатылған», - деп хабарлады көлік вице-министрі Сатжан Аблалиев.

Екі жолақты автокөлік көпірі Қазақстандағы су үстіне салынған ең ұзын құрылым болады – оның ұзындығы 1316 метр, ал өткізу мүмкіндігі тәулігіне 80 мың көлікке дейін жетеді. Бүгінгі таңда нысан 80%-ға дайын.

Көпірді жыл соңында пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар жоба аясында ұзындығы 18,6 шақырым болатын көпірге қосылатын жаңа автожол құрылысы қарастырылған. Бүгінде 7,7 шақырым төменгі жабын қабаты төселді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.