Карантин кезінде әуе рейстерін пайдаланатын жолаушыларға қандай талаптар қойылады?
Жолаушылардың барлығы COVID-19 тест тапсыруға міндетті
Қазақстанда 1-ші мамырдан бастап ішкі авиарейстер өз жұмыстарын бастайды. Осыған орай ұшақпен ұшатын жолаушыларға сақтық шаралары үшін бірнеше талаптар қойылып отыр. Солардың ең маңыздысы - коронавирус инфекциясының жоқ екенін растайтын анықтама тестінің болуы. Бұл туралы журналистерге арналған брифингте «Көліктегі тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау» департаментінің басшысы Сәдуақас Нығметоллаұлы мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
«Ішкі әуе рейстерінде ұшу үшін басты талап – COVID-19 вирусының жоқтығын растайтын анықтаманың болуы. Аталған анықтама 7 күнге дейін жарамды. Тестті ұшу алдында 2 тәулік бұрын тапсыру қажет. Одан бөлек, ұшу барысында санитарлық карантин бақылау бөлімінің мамандары жолаушыларды байланыссыз термометр арқылы тексеруден өткізеді. Бір анықтамамен 7 тәулік ішінде екі жаққа да барып келуге болады. Егер анықтама мерзімі 7 тәуліктен өтіп кетіп, жолаушы 8-9 тәулік күні кері ұшатын болса, коронавирус инфекциясына қайта тест тапсыру тиіс. Сондай-ақ, жолаушылардың барлығы қолғап пен медициналық маскада болулары керек»,-деді департамент басшысы.
Коронавирус инфекциясына тест тапсыру жекеменшік орталықтарда 20 мың теңге, мемлекеттік орталықтарда 11500 теңгеден тұрады. Тестті аймақтағы әрбір облыстық санитарлы эпидемиялық орталықта және жекеменшік лабораторияларда тапсыруға болады.
Авиарейстерде аталған талаптар карантин режимі аяқталғаннан кейін де жалғасатын болады. Департамент басшысының айтуынша, сақтық шаралары аймақтардағы санитарлық эпидемиологиялық жағдайларға байланысты болмақ. Жолаушылардан бөлек, экипаж мүшелері де барлық санитарлық талаптарды орындайды.
«Экипаж мүшелерінің температураларын медицина қызметкерлері қадағалап отырады. Ал әуе борт серіктері коронавирусқа тестті екі апта сайын тапсыратын болады. Тестілеу қаржысын әуе компаниялары өздері өтейді. Отырғызу кезіндегі бір метр ара қашықтық сақталады, яғни, бір жолаушы креслосы бос болады. Эконом класс жолаушылары үшін де, бизнесс класс өкілдері үшін де ара-қашықтық бір орыннан болмақ. Сонда бір бортта 60% адам ғана отырады. Экипаж мүшелері арнайы қорғаныш костюмдерін кимейді, олар да жолаушылар сынды маска және қолғаппен жүреді»,-деді Сәдуақас Нығметоллаұлы.
Сондай-ақ журналистер тарапынан қойылған бірнеше маңызды сұрақтарға Сәдуақас Нығметтолаұлының берген жауаптары төмендегідей:
– Әуе бортында 60% ғана жолаушы отыруына байланысты билет құны қымбаттай ма?
– Баға құны бақылау біздің құзіретімізде емес, бұл мәселені Азаматтық авиация комитеті бақылайды.
– Дәретханаға баруға бола ма және ұшу барысында сусындар мен тамақтар беріле ме?
– Дәретханаға қауіпсіздік шараларын сақтай отырып баруға болады. Себебі, жолаушылардың бір жерде жиналмауы мен ара қашықтықтың сақталуы қадағаланады. Бортта сусындар мен тамақтар беріледі, тамақтарды дайындау мен жеткізу барысындағы санитарлық талаптар күшейтілді. Ыдыстар бір реттік және ұшудан кейін утилизацияланады.
–Балалар қорғау қолғаптарын қайдан ала алады?
Кішкентай балаларға арналған медициналық қолғаптардың жоқтығына байланысты, олар тек медициналық маска киюге міндетті. Ересектерге де, кішкентайларға да қолғап кию міндеттелмейді.
– Бір отбасыдан бірнеше адам ұшатын болса, тестті барлық отбасы мүшелері тапсыруы тиіс пе?
– Тестті барлық отбасы мүшелері тапсыруға міндетті. Тіпті бір жасқа толмаған сәбилер де тест тапсырады.
– Жолаушылар жас аралығына байланысты арнайы ретпен отырғызыла ма?
– Жоқ. Жас аралығына байланысты шектеулер жоқ. Бастысы, әуе кемесінде арақашықтық сақталуы тиіс.
– Анықтамалардың жалған екенін қалай тексереді? Себебі, бұған дейін Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында анықтаманы сатып алғандар болған.
– Термометрлік тексеріс пен анықтама қағазы толықтай тексеруден өткізіледі. Анықтама өткізген лабораториялардан да қажетті мәліметтерді сұратамыз.
– Борттағы жолаушының бірінен ұшудан кейін коронавирус анықталса, рейстегі адамдардың барлығы карантинге жатқызыла ма?
– Ұшу процессі кезінде анкета жүргізіліп, жолаушылар туралы барлық қажетті мәліметтер базада сақталатын болады. Жолаушылардың бірінен бірнеше күн өткен соң, коронавирус анықталатын болса, біз онымен жақын байланысқа түскен адамдарды анықтап, оқшаулаймыз. Ол адаммен байланыста болғандар тесттен өткенге дейін карантинде болады.
Айта кетейік, елімізде карантин режимі 11-ші мамырдан бастап алынады. Мемлекет басшысы мәлімдемесінде 1 мамырдан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының арасындағы әуе рейстері ашылатынын хабарлаған болатын. Сонымен қатар Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия карантин талаптарын жеңілдетуге дайын.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан