Домбыра туралы сұрақтарға жауап берген екі қосшылық атақты шебердің аспабын сыйға алды

Azattyq Rýhy

Ұлттық домбыра күні 2018 жылдан бері шілденің алғашқы жексенбісі қазақтың төл аспабының күні ретіне тойланып келеді

Домбыра туралы сұрақтарға жауап берген екі қосшылық атақты шебердің аспабын сыйға алды

Ұлттық домбыра күніне орай қосшылық өнерпаздарының қатысуымен Тайтөбе мәдениет үйінде салтанатты концерт өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қосшы қаласы әкімінің орынбасары Берген Жумкей көрермендерді ұлттық домбыра күнімен құттықтап, өнер додаларында қала намысын қорғап жүрген домбырашыларға қала әкімінің алғыс хаттарын табыс етті.

«Домбыра – қазақтың жаны. Домбыра десе қазақ, қазақ десе домбыра елестейді. Қасиетті ұлттық аспабымыз ұрпақтан ұрпаққа беріліп, бабалардан мирас болып келеді. Ұлттық домбыра күні мерекесімен барлық қосшылықты құттықтаймын!», -  деді әкімнің орынбасары салтанатты шарада.

Ұлттық домбыраның халық арасында насихатталуына үлес қосып жүрген азаматтардың бірі, домбырашы Азамат Бақия қазіргі кезде ұлттық аспаппен өнер көрсету сәнге айналып келе жатқанын айтты.

«Нағыз қазақ – домбыра. Домбырада қазақтың мұңы мен жаны бар. Ол біздің өнеріміздің, ұлттық мәдениетіміздің ажырамас бөлшегі. Қазақ ежелден қуаныш пен қайғыны, жақсылық пен жамандықты қара домбыраның үнімен жеткізген. Осы ұлттық аспапты дәріптеу үшін 2018 жылдан бері Ұлттық домбыра күнін тойлап келе жатырмыз. Бұл өте дұрыс бастама болды деп ойлаймын. Қазір домбыра тарту бірте-бірте сәнге айналып келеді. Міне, бүгін қала әкімінің алғыс хатына ие болып жатқан жайым бар. Барлығына осы құрмет үшін алғыс білдіремін», - дейді домбырашы.

Айтулы мерекеде ұлтымыздың символы болған киелі домбыра дәріптеліп, ән-күйлеріміз орындалды.

Шағын концерттің соңында домбыра туралы қойылған бес сұраққа мүдірмей жауап берген көрерменге атақты шебер Нұржан Ділманов жасаған домбыра сыйға тартылды. Атақты шебердің домбыраларын сатып алып ұсынған – «Landjer» компаниясы және жеке кәсіпкер Кереев Мейірғали.

Қосшылық оқушы Қозыбай Ерасыл мен Тайтөбе ауылының тұрғыны Айтжан қос домбыраны сыйға алды.

Айта кетейік, Ұлттық домбыра күні 2018 жылдан бері шілденің алғашқы жексенбісі қазақтың төл аспабының күні ретіне тойланып келеді. Жалпы домбыра жер бетінде кеңінен тараған шертпелі аспаптардың қатарына кіргізілген. Өнертанушылар мен тарихшылар мұндай аспаптар ғылымда Х ғасырдан бастап белгілі деп тұжырымдайды. Алайда 2010 жылы ғалымдар біздің заманымыздың V ғасырынан басталатын «ата домбыра» табылғанын айтып, сүйіншілеген болатын.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.