$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қосшы қаласына 3 жыл: Әкім тұрғындарға есеп берді

Биыл қала жолдарын жөндеуге қатысты 3 жоба іске асуда

Қосшы қаласына 3 жыл: Әкім тұрғындарға есеп берді
Фото: Қосшы қаласының әкімдігі

Қосшы қаласының әкімі Гайдар Қасенов тұрғындармен кездесіп,  шаһардың үш жылдағы әлеуметтік - экономикалық дамуы жайлы баяндады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кездесуде өңір басшысы қала мәртебесін алғалы қандай маңызды іс-шаралар атқарылғанына тоқталып, тұрғындар үшін қолайлы ортаны қалыптастыру мақсатында жасалып жатқан жұмыстар туралы жан-жақты мәліметтер берді.

«Қала мәртебесін алғалы үш ауысымдық оқыту толықтай жойылды. Биыл 1200 орындық тағы бір мектеп пайдалануға беріледі. Сонымен қатар 300 орындық көп бейінді аурухана құрылысы басталды. Өрт сөндіру бекеті, қоғамдық мәдени-спорт орталығының құрылыстары қарқынмен жүріп жатыр. Өңірде спорттық және мәдени нысандардың көптеп салынып, пайдалануға берілді. Газбен жабдықтау жұмысы басталды. Үш жылда бес мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылып, қаланың инвестициялық әлеуеті айтарлықтай артты», - деді әкім жиында.

Гайдар Қасеновтің сөзіне қарағанда, қаланың бұдан әрі даму белесінде жергілікті атқарушы органның алдында электр желісі сапасын арттыру, жылу беру жүйесін жақсарту, көше-жол желісін салу, үлестік құрылыс мәселесін шешу, сумен жабдықтау, кәріз жүйесін қалыпқа келтіру міндетіне басымдық беріледі. 

Суық пластиктен жол белгілерін салу қалада алғаш рет жүргізілуде. Жақында ғана Қосшы қаласындағы Абылайхан және Абай көшелеріне осы аталған әдіспен жол белгілері салынған.

Өткен жылы қалаға 42 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған. Сонымен қатар биыл жеке инвестиция есебінен 500 адамға арналған асханасы бар қалалық мешіттің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Мешіт жуық арада пайдалануға берілмек.

Жеке инвестицияның қаражатына Қосшы қаласында ең соңғы үлгідегі жаңа  қоғамдық мәдени-спорт орталығы салынуда.  Қаладағы Қоғамдық мәдени-спорт орталығы Қазақстанда осы үлгідегі алғашқы  орталық болмақ. 

Жаңа орталықтың ауданы 7.7 мың шаршы метрді құрайды.  Жоба құны 8,5 млрд теңге. Орталықтың жобасы алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибе ескеріле отырып жасалған.  Мұндай қоғамдық мәдени-спорт орталықтары, әсіресе Еуропа елдерінде кең таралған. Сондай-ақ шығармашылық және спорттық үйірмелерді, ересектер мен балаларға арналған демалыс орталықтарын ұйымдастыруға,  концерттер, кітап жәрмеңкелері мен өнер көрмелерін өткізуге арналған алаң ретінде қызмет етеді.

Нысан үш негізгі аймақтан – білім беру, мәдени және спорттық аймақтардан тұрады деп жоспарлануда. Білім беру блогына робототехника, кескіндеме, тігін және қыш жасау студиялары, шахмат ойнауды, информатика мен математиканы үйрететін сыныптар, балаларға арналған егіншілік сабақтар үшін қысқы бақ, ерте даму орталығы және мектепке дейінгі білім беру кеңістігі кіреді.

Орталық аумағында кинотеатр, террасаға шығатын асхана және коворкинг-аймақтар орналасатын болады.

Қала әкімі тұрғындар алдында тұрғын үй-коммуналдық мәселелерге де тоқталып, қаланы жарықпен қамтамасыз ету бағыттарында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты. Әкімдік электр желісіне былтырғы жасалған ревизия шарасынан кейін, кезең-кезеңімен жүзеге асыратын жұмыстың нақты жоспары мен сызба дайындалған. Осы мақсатта 250 миллион теңге қаржы қарастырып, мердігер мекеме де анықталған. Сонымен қоса, желі жоқ және қолдан салынған бөліктерге электр желісі құрылысын жүргізу бойынша төртінші кезеңіне ауқымды жоба әзірленген. Бұл атқарылып жатқан жұмыстар қаланы электр желісімен қамтамасыз етудің түйткілді мәселелерін шешетін болады.

Шаһар басшысының баяндамасынан соң тұрғындар тарапынан сұрақтар қойылып, конструктивті диалог орнады.

Қала әкімі қойылған сұрақтар шеңберінде жауапты мекеме басшыларына және мердігер мекеме өкілдеріне арнайы тапсырмалар берді.

Кездесудің екінші бөлігі қала тұрғындарын бірыңғай қабылдауға ауысты. Қала әкімі Гайдар Қасенов, қалалық мәслихаттың төрағасы Әлихан Қуатбеков, қоғамдық кеңестің төрайымы Сайра Матайбаева, қала прокуроры Данияр Ізбасаров, полиция бөлімі бастығы Азамат Әушәкімов, төтенше жағдайлар бөлімі бастығы Шахмардан Әзірбаев, әкімнің орынбасарлары, мемлекеттік мекеме басшылары және мердігер мекеме өкілдері тұрғындардың жеке мәселелерін тыңдады.

Серіктес жаңалықтары